Павлодар облысының тұрғындары көбінесе қай емханаларды таңдайды?

Павлодар облысының тұрғындары көбінесе қай емханаларды таңдайды?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Емханаларға тіркелу бойынша жыл сайынғы акция аяқталды,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Жангелді Шаймбетов 2024 жылдың 15 қыркүйегі мен 15 қарашасы аралығында өткен азаматтарды емханаларға тіркеу бойынша жыл сайынғы акция аяқталып, қорытындылары шыққаның мәлім етті. 

Науқан азаматтардың қазіргі емханаға көңілі толмаса, ауыстыру мүмкіндігіне ие болу үшін, ал нарық қатысушылары, оның ішінде жаңадан ашылған медициналық ұйымдар келесі жылы халыққа медициналық қызмет көрсетуге тапсырыс алуы үшін жыл сайын өткізіледі.

– Тіркеу науқаны нәтижесінде облыс емханаларына барлығы 13 343 адам тіркелді, яғни олар емхана ұйымын өзгертті. Ал облыс бойынша емханаларға барлығы 764 277 адам бекітілген. Тіркелу бойынша ең көп өтініш түскен медициналық ұйымдарға қалалық №3 емхана – 1 026 өтініш, Almaz Medical Group – 1 045 және Viamedis Pavlodar – 1 020 өтініш жатады, – деді Жангелді Шаймбетов.

Бұл ретте, тіркеуден шығу бойынша ең көп өтініш түскен медициналық ұйымға Viamedis Pavlodar, Ақсу қалалық ауруханасы және Павлодар қаласы №1 емханасы жатады. 

Ал ең көп, яғни 70 мыңнан астам тұрғын Viamedis Pavlodar  емханасына тіркелсе, Almaz Medical Group және Павлодар қаласы №1 емханаға  65 мыңнан астам адамнан тіркелген. 

– Әр адам бір ғана алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымына бекітіледі. Бүгінгі таңда облыста амбулаториялық-емханалық қызмет көрсетуші 30 ұйым бар. Олардың 15-сі – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік. Өткен жылы олардың саны 32 болған, бірақ, медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған оңтайландыруға байланысты шағын клиникалар ірі мекемелерге қосылды, – деді филиал директоры. 

Қор жеткізушілерінің толық тізімін fms.kz сайтынан көруге болады. 

Тіркеу науқанының қорытындысы бойынша халықты медициналық ұйымдар бойынша бөлуді ескере отырып, қаржыландыру 2025 жылға жоспарланған. Жан басына шаққандағы қаржыландыру медициналық ұйымдарға тіркелген әрбір тұрғын үшін ай сайын төленеді.