Павлодарда музейлер есігін ақысыз ашады: қайда барып үлгеруге болады?

Бұл акция Қала күніне орай, яғни 19 шілдеде өткізіледі. @Pavlodarnews.kz тілшісі музей экспозициялары бойынша шолу жасады.
1. Потанин атындағы өлкетану музейі
Мұнда тұрақты экспозициялар қойылған. Палеолит дәуіріндегі еңбек құралдары мен Андрон мәдениетіне тиесілі артефактілерді, палеонтологиялық жәдігерлерді тамашалауға болады. Этнографиялық залда дәстүрлі тұрмыстық бұйымдармен безендірілген қазақ үйі қойылған.
2. Облыстық көркемсурет музейі
Қала күніне орай мұнда Домбыра күні мен Астана күніне арналған экспозиция ашылады. Сондай-ақ, қонақтар неміс суретшісі Елена Шпеттердің жеке көрмесін тамашалай алады. Оның интерьерлік картиналары бояумен емес, янтарь мен мәрмәр арқылы жасалған.
3. «Ертіс» музейі
Бұл музейге археология мен палеонтологияға арналған тұрақты экспозицияны көру үшін барған жөн. Мұнда Павлодар Ертіс өңіріндегі ежелгі адамдардың өмірі мен тарихқа дейінгі жануарлардың қалдықтары туралы баяндайтын артефактілер жинақталған.
4. Майра Шамсутдинова атындағы музей-үйі
Дәстүрлі қазақ ән өнеріне қызығатындар үшін таптырмас орын. Экспозицияға сахналық костюмдер, соның ішінде атақты әнші Роза Бағланованың «кішкентай қазақ қызы» көйлегі, музыканттардың жеке заттары, жазбалар мен сирек бұйымдар кіреді.
5. Ақын Павел Васильевтің музей-үйі
Экспозицияда өңір әдебиетінде өшпес із қалдырған ақынның өмірі мен шығармашылығы таныстырылады. Қала күніне орай музейде Павел Васильевтің қолтаңбасы бар кітаптары, суреттері мен тұрмыстық заттары қойылған көрме ашылады.
6. Дмитрий Багаевтің музей-үйі
Бұл жерде Багаевтың өзі түсірген көне фотосуреттерін, фотоаппараттарын және басқа да сирек жәдігерлерді көруге болады. Сонымен қатар, XX ғасырдағы қазақ халқының тұрмысы мен өмірі туралы көрме де ұсынылған.
7. Наум Шафердің музей-үйі
Мұнда музыка зерттеушісінің өмірбаяны, пластинка жинағы мен мұрағаттық бейнематериалдар ұсынылады. Келушілер зерттеушінің өмірі жайлы мәлімет алып қана қоймай, оның мұрағатындағы музыкалық шығармаларды тыңдай алады.
8. Әскери даңқ музейі
Мұнда Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылуы мен дамуына арналған экспозициялар жұмыс істейді. Көрмеде тарихи құжаттар, фотосуреттер, әскери киімдер мен макеттер арқылы еліміздің әскери тарихы мен ерлігі баяндалады.
9. Бұқар жырау музейі
Экскурсия барысында Павлодар Ертіс өңірінің өнері мен әдебиеті туралы баяндалады. Экспозицияда жергілікті ақындар, жыраулар мен жазушылар жайлы материалдар мен олардың шығармалары ұсынылған.
10. Ашық аспан астындағы «Ертіс-Баян өңірі – тарих мекені» музейі
Бұл музейді Назарбаев даңғылынан табуға болады. Экспозицияда Павлодар Ертіс өңірінен табылған артефактілердің бейнесі бар баннерлер қойылған. Оларға археологиялық маңыздылығы жөнінде толық сипаттама берілген.
Мұражайларға тегін кіру тек 19 шілдеде ғана қолжетімді. Сондықтан маршрутыңызды алдын ала жоспарлап, бірнеше көрмеге баруға уақыт бөлген жөн.