Павлодарда музыка мектептерінің ұстаздары тәжірибе алмасты
«Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат» кешенінде «Музыкалық білім беру ұйымдарының интеграциясы - мақсаттан нәтижеге дейін» атты облыстық семинар өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Семинар Халықаралық музыка күні мерекесі аясында ұйымдастырылды. Іс-шара қосымша білім беру мекемелерінің педагогтерінің өзара тәжірибе алмасуы мен бірлескен қызметінің тиімділігін арттыруға арналған.
Оған Павлодар облысының балалар музыка мектептері мен өнер мектептерінен 200-ден астам оқытушы қатысты. Іс-шараның мақсаты – музыкалық білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту, озық тәжірибелерді біріктіру, сондай-ақ шығармашылық қызметті дамытуға қолайлы жағдай жасау.
– Бұл семинар қосымша білім беру мекемелерін біріктіріп, шығармашылық және кәсіби дамуға ықпал ету, музыкалық оқытудағы жаңашылдықты енгізу арқылы жаңа білім беру жүйесін дамыту. Бұл іс-шара музыкалық білім берудегі өзекті мәселелерді талқылау және озық тәжірибені интеграциялауға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды, – дейді «Музыкалық колледж-музыкалық мектеп-интернаты» кешенінің басшысы Серік Сыздықов.
Оның айтуынша, «Музыкалық білім беру ұйымдарының интеграциясы - мақсаттан нәтижеге дейін» атты семинар жыл сайынғы дәстүрге айналатын маңызды оқиға ретінде мәдениет пен өнер саласындағы жаңа бастамаларға жол ашады. Бұл іс-шара музыкалық білім беру мекемелерінің өзекті мәселелерін шешіп қана қоймай, болашақ таланттардың жарқын жолын айқындауға септігін тигізеді деп күтілуде.
Айта кетерлігі, семинардың логотипі ретінде алтын лотос бейнеленді. Лотос тазалық пен руханилықтың, ағартушылықтың символы ретінде таңдалды. Оның тамырын тереңге жайып, таңғы шапақта гүлденуі музыкалық оқу орындарын біріктіру мен олардың болашақ таланттарды тәрбиелеудегі рөлін айқындап тұр.