Ақтоғайлық атбегі бойжеткен: Жылқының мінезді болғаны жақсы

Ақтоғайлық атбегі бойжеткен: Жылқының мінезді болғаны жақсы

Ақтоғай ауданында тұратын бойжеткен Арайлым Мұса жылқы баптаумен айналысады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жылқышы Сейітбаттал Әлдекеновтің шаңырағында жеті бала дүниеге келген. Олардың төртеуі – қыз. Арайлым – отбасының кенжесі.

Қызым ес білгелі ұл сияқты малға жақын болды. Менімен бірге қораға барып, қозы, құлын, бұзаумен ойнап өсті. Жылқыға көлікпен, мотоциклмен бірге барады. Содан біраз өскеннен кейін атқа мінгісі келіп, қызығушылық танытты. Анасы екеуміз басында «қыз баласың, басқа жолды таңда» деп, жолата қоймадық. Тоғыз жасында жылқының жанынан шықпайтын болды, – дейді Сейітбаттал Әлдекенов.

Бүгінде 16 жастағы бойжеткен жылқыға жайдақ және ертоқыммен де мінеді. Шаруашылықтан қолы босай қоймайтын әкесі бәйгеге жылқыны күтіп-баптауды қызына тапсырған.  

Маған жуас аттар ұнай қоймайды. Арғымақтың мінезді болғаны жақсы. Ақмаржан деген сүйікті атым болатын. Бәйгеде кез келген сәтте жасқанбастан алға шығып кететін. Терін алып жүргенде қасындағы ат алдына шығып кеткенде мінез танытатын. Жарысқысы келіп тұратын, бір нәрсе ұнамаса, тістей бастайтын. Жалпы, жылқы жануарының көңіл күйі көзінен білінеді, – дейді Арайлым Мұса. 

Сейітбаттал Әлдекеновтің айтуынша, бәйгеге ат қосып, оны жүлдегер ету үшін шабандоз дайындаудың маңызы зор. Арайлым екі жылдан бері бұл іске ауыл балаларының бірі Айбар Ақтановты дайындап келеді. Биыл Ерейментауда өткен бәйгеде Аймарал деген құнанмен  мотоцикл жеңіп алған. Сондай-ақ, облыстық «Алтын тай» бәйгесінде Ару деген тайы бірінші орынды қанжығасына байлаған. Ақтоғай ауданында өткен «Тай бәйгеде» Ханшайым деген тайымен жеңіс тұғырынан көрінген. Ақмаржан деген байталы «Құлагер» иппоромында екі рет бәйге ұтқан.  

– Арайлым аттың сынын, жаясы, шашасы қандай болу керек екенін жақсы біледі. «Әке, мынау аламан, тоқ бәйгеге бәйгеге шабады» деп айтып отырады. Асау атқа да қорықпастан өзі мініп алады,  – дейді жылқышы. 

Сейітбаттал Әлдекенов үш жылдан бері шетелден асыл тұқымды жылқылар сатып алуды әдетке айналдырған. Оның бірі Кавказдан әкелінген. Атбегілікті серік еткен бойжеткен ветеринар мамандығы бойынша екінші курста білім алады және болашақта ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуді армандайды. 

Еске сала кетейік, Павлодар облысында жылқы шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта өңірдегі жылқылардың саны 292 мың басты құрайды. Бұл ретте соңғы жылдары жылына орта есеппен 7%-дан астам мал басының тұрақты өсуі байқалады. Өңірде жылқы шаруашылығымен айналысатын ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны 1000-нан астам шаруашылықты құрайды.