Павлодар облысы мектептерінде тамақтың сапасына шағымдар азайды
Санитарлық эпидемиологтар оның себебін анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова мәлім етті.
– Біз әлеуметтік желілерді әрдайым қарап отырамыз. Қоғам белсенділері де осы сұрақты бақылауда ұстайды. Ата-аналар комитеті жұмысының нәтижесінде шағымдар азайып барады. Биылғы оқу жылында департаментке әлі бір шағым түскен жоқ, – деді Гүлнар Ақылбекова.
Оның сөзінше, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бекітілген мораторий салдарынан өздігінен мектеп пен балабақшадағы асханаларды тексере алмайды.
– Егер де ата-ана тарапынан фото немесе видео дәлелмен расталған қандай да бір шағым түссе, біз тексеріспен сол жерге барамыз. Тамақтың сынамасын алып, сараптама өткіземіз. Кейін оның нәтижесі бойынша жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қолданамыз, – деп түсіндірді спикер.
Еске сала кетейік, былтыр тоғыз бала Шарбақты ауданының мектебіндегі асханада уланып қалды. Мектептегі асхана қызметін жүргізген жеке кәсіпкерлікпен келісімшарт бұзылып, бір миллион теңгеден астам көлемінде айыппұл салынған болатын.