Павлодарда қоқыстың үштен бірі қайта сұрыптауға жіберіледі
Жаңа кешен жұмысты жуырда бастайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда кәсіпорынның құрылысы аяқталуға жақын. Орталықта макулатура, пластик, шыны және тағам қалдықтары жеке сұрыпталады. Тағам қалдықтарынан компост дайындалып, қайта өңдеуге жарамдысы қайта өңдеу кәсіпорындарына жіберіледі. Ал жарамсыз бөлігі көмуге бағытталады.
Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықовтың айтуынша, биыл қала полигонына шамамен 105 мың тонна қалдық көміледі деп жоспарланған. Сұрыптау кешені іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш үштен бірге жуық қысқарады.
– Облыста пластик, макулатура, металл сынықтары және басқа да қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорындар жұмыс істейді. Олар қалдықтарды шарттық негізде қабылдап, қайта өңдеуге жібереді. Сонымен қатар, өңірде экологиялық заңнаманың сақталуына бақылау жалғасуда. Өткен жылы ең ірі айыппұлдардың бірі «Қазхром» Трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Ақсу ферроқорытпа зауытына салынды. Табиғат қорғау прокуратурасының материалдары негізінде кәсіпорын экологиялық рұқсаттағы нормативтен тыс шығарындылар үшін 854 миллион теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді ол.
Биылғы тексеру барысында да шығарындылардың жалғасқаны анықталып, қосымша 75 миллион теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ тазарту құрылыстарының жұмысы, өндірістік экологиялық бақылау және қалдықтарды басқару талаптарына қатысты басқа да заң бұзушылықтар тіркелді.
Экология департаменті басқа да кәсіпорындарды тексерді. Қазақстан электролиз зауыты анық емес мәлімет бергені үшін 1,2 миллион теңге, өндірістік экологиялық бақылау талаптарын бұзғаны үшін 2,6 миллион теңгеден астам айыппұл төледі. Екібастұз жылу-электр орталығы газ тазарту қондырғылары паспорттарының болмауы және автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізбегені үшін екі миллион теңгеден астам айыппұл арқалады. Одан бөлек, «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамға үш миллион теңгеден астам, Павлодар мұнай-химия зауытына жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша 2,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықовтың айтуынша, жыл басынан бері азаматтардың шағымдары негізінде 16 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Өтініштердің басым бөлігі Е-өтініш платформасы арқылы түскен. Заңнамаға сәйкес, тексерулер нақты дәлелдер болған жағдайда ғана тағайындалады.
Көмір кеніштеріндегі эндогендік жануларға байланысты «Богатырь Көмір», «Восточный» разрезі, «Ангренсор», «Энерго» және «Майкүбі Инвест» кәсіпорындары тексерілді. «Майкөбе Вест» акционерлік қоғам аумағында жану дерегі қайта анықталып, кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Усолка аумағындағы ластану туралы тұрғындардың шағымынан кейін Ақсу ГРЭС-іне де тексеру жүргізілді. Алайда ластану көзі кәсіпорыннан анықталмаған. Зертханалық зерттеулер су құрамында зиянды заттардың шекті мөлшерден асқанын көрсеткен жоқ.