Вице-премьер екібастұздықтардың басты сауалына жауап берді
Оған қоса Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары кезінде Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Күлгінов өңіріміздің бірқатар әлеуметтік нысандарын аралады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Вице-премьер өз жұмысын Екібастұздан бастады. Алтай Күлгінов «Қайнар» білім беру орталығына ат басын тіреді. Мұнда ол қосымша білім беру саласының дамуымен танысты. Айталық, облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның сөзіне қарағанда, өңірімізде 10 мыңнан астам бала қосымша білім берумен қамтылған, бұл 83,5%. Аталмыш көрсеткіш бойынша өңіріміз еліміздегі алдынғы қатарлы облыс қатарында.
- Біз сатылы кезеңмен келесі онжылдыққа дейін жетуіміз керек. 2027 жылға дейін. ІТ, STEM бағдарламасы бойынша 7 000 бала қамтылған. Әлі де мұны дамыта түсеміз. Бізде «Ұшқыр ой алаңы» жобасы іске асырылып жатыр. Ұлттық ойындарды дәріптеу бойынша асық ойнау жобасы жүзеге асырылып келе жатыр. Онымен 5200 бала қамтылған. 2016 жылдан бастап, шахмат 265 кабинет ашылды, 14 000 бала қамтылды, - деді Самал Айтқазина.
Дейтұрғанмен, Екібастұздың өзінде қосымша білім берумен қамтылу деңгейі небары 26 процентті құрайды. Алтай Күлгінов осы мәселеге ерекше тоқталды.
- Екібастұзда балалардың 26 проценті ғана қосымша білім берумен қамтылған, яғни бізге әлі де осы секілді екі орталық салу керек, - деді Алтай Күлгінов. – Елде спорт нысандарының жетіспеушілігі де сезіледі. Мемлекет басшысы 100 қосымша білім беру нысаны мен 50 сауықтыру лагерін салуды тапсырған еді. Бұл дегеніміз балаларымыз педагогтардың назарында демалып, денсаулығын күшейте алады деген сөз. Біздің алдымызда осындай ірі міндеттер тұр.
Осы жерде Вице-премьер қарапайым екібастұздықтармен де тілдесіп, олардың сауалдарына жауап берді. Басты мәселе – Екібастұзды жылыту қашан ретке келетіні туралы сұрақты Қазақстанның Еңбек Ері Рышат Әміренов қойды.
- Бұл мәселе Президент, Үкімет пен әкімдік бақылауында. Бұл өте күрделі мәселе, білесіздер. ЖЭЦ-тің құрал-жабдығы әбден тозығы жеткен. Адами фактор болды – оны да айту керек. Соның кесірінен біраз адам зардап шекті. Қазір 11 бригада жұмыс істеп жатыр. Қысқы жылыту мауысымы басталғанға дейін қалпына келтіру – біздің басты мақсатымыз, - деді Алтай Күлгінов.
Сонымен бірге, қала тұрғындарымен болған әңгіме барысында мұз сарайының құрылысы да сөз болды. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов уәде еткендей, Екібастұздағы аталмыш спорт нысанының құрылысы келе жылда басталады.
Одан бөлек, Алтай Күлгінов Ақсу ауылдық аймағына қарасты Евгеньевка ауылында да болды. Онда ол ауыл тұрғындарымен жүздесіп, олардың мұң-мұқтаждарымен танысып, бірқатар тапсырмалар берді.
Премьер-Министр орынбасарының жұмыс сапары облыс орталығында аяқталды. Алтай Күлгінов Павлодар қаласының №1 ауруханасының күрделі жөндеу жұмыстарын бақылады. Жоспарға сәйкес, жөндеуден кейін мұнда лифтілер жаңартылып, әрбіреуінің жеке санитарлық торабы бар екі, үш және төрт орындық палаталар пайда болады. Аурухана қажеттіліктері үшін мың жарымнан аса жаңа құрал-жабдықтар сатып алынады. Жұмыстар 2024 жылдың 1 ақпанында аяқталады деп күтілуде.
Алтай Күлгінов қала ғана емес, бүтін бір өңірге зор маңызы бар медицина мекемесінің жөндеу жұмыстарын тездетуді тапсырды.
Фото: Мақсат Көлтай