Павлодарда Мұзафар Әлімбаевтың Брайль қарпінде басылып шыққан жинағы таныстырылды
Жинаққа жазушының танымал туындылары енген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы С.Торайғыров атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы мәлімдеді.
Қазақ балалар әдебиетінің классигі, Қазақстан Республикасының көрнекті қоғам қайраткері Мұзафар Әлімбаевтың Брайль қарпінде басып шығарылған «Өскеніңді ел көрсін» өлеңдер жинағының таныстырылымы Шарбақты ауданының орталық кітапханасында өтті.
- «Өскеніңді ел көрсін» өлеңдер жинағы жазушының жүз жылдық мерейтойына орай және «Павлодарская книга на Брайле» атты жобаны асыру аясында жарық көрді. Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапханасының қызметкерлеріне брайльдегі кітапты сандық форматта жазылған аудионұсқасы қоса берілді, - делінген хабарламада.
М.Әлімбаевтың жас оқырмандарға арналған «Өскеніңді ел көрсін» өлеңдер жинағына үлкендерге құрмет, отансүйгіштік пен достық туралы жазылған жырлары, жаңылтпаштары мен жұмбақтары енгізілген. Сондай-ақ бұл жобаның арқасында зағип және нашар көретін жандар М.Әлімбаевтың «Менің таныс балаларым», «Ұмытпа», «Найзағай» және тағы басқа жырларын оқи алады.