Павлодарда ауыл әкімдерін оқыту қолға алынады
Аталған бастама «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен бейнеконференцбайланыс форматында талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Елімізде жергілікті атқарушы органдардың, мәслихаттардың, партия қызметкерлері мен бастауыш партия ұйымдарының мүшелерінің жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған функционалдық құзыреттерді дамыту бойынша модульдік оқыту бағдарламасына ресми түрде старт берілді.
Бағдарлама партиялық кадрларды қайта даярлауға және олардың басқарушылық, стратегиялық әрі коммуникациялық дағдыларын дамытуға бағытталған. Оқытуға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, азаматтық қоғам институттарының мүшелері және қоғамдық-саяси үдерістерге қатысушылар тартылады.

Курс аясында қатысушылар көшбасшылық, өңірлік даму, салық салу, бюджетті жоспарлау, коммуникациялар және саяси үдерістер туралы кешенді білім алады. Бұл өз кезегінде басқарушылық шешімдердің сапасын арттырып, халық сенімін нығайтуға және өңірлердің тұрақты дамуына ықпал етеді.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – жергілікті басқару жүйесіндегі басшылардың кәсіби деңгейін арттыру, мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту және халықпен тиімді диалог орнату.
Ерлан Қошанов өз сөзінде елімізде шамамен 3000 ауыл әкімі бар екенін атап өтті. Олардың әрқайсысы жергілікті тұрғындардың нақты қажеттіліктерін жақсы біледі және ауылдардың даму деңгейі тікелей олардың біліктілігіне байланысты. Сонымен қатар, 3800 бастауыш партия ұйымы мен 836 мың партия мүшесінің маңызы ерекше екені айтылды.

Бейнеконференция барысында Toraighyrov University ректоры Нұрлан Медетов сөз сөйлеп, университеттің өңірлік даму мәселелерін шешуде жергілікті атқару органдар мен жұмыс берушілерді біріктіріп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, жаңа бағдарлама білімді нақты басқарушылық шешімдерге айналдыруға мүмкіндік береді, ал университеттің инфрақұрылымы мен профессорлық-оқытушылық құрамы бұл жұмысты жүзеге асыруға толық дайын.
Сондай-ақ жиында кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру ел дамуының стратегиялық басымдықтарының бірі екені атап өтілді. Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты ашықтық пен кәсібилікке негізделген басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Бағдарлама үш кезеңнен тұрады: теориялық дайындық, практикалық семинарлар және қорытынды жобаларды қорғау. Оқу нәтижесінде қатысушылар жеке көшбасшылық моделін қалыптастырып, өңірлерді дамыту бойынша нақты жобаларды жүзеге асыруға дайын болады.