Павлодарда асық ату ойыны бойынша әдестемелік құрал әзірленуде

Нұсқаулықтың дайын үлгісін Оқу-ағарту министрлігіне ұсынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде ұлттық ойындарды жаңғырту бағытында ерекше бастама қолға алынды. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Әйгерім Әбенованың бастамасымен өңірде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Асық Strike» пилоттық жобасы жүзеге асуда. Мақсат – оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап, ұлттық құндылықтарды қазіргі заманға сай форматта ұсыну.
Пилоттық жоба қазан айынан Ақсу, Екібастұз және Баянауыл аудандарында бастау алған. Бастама жетекшісі болып «Алтын сақа» шығармашылық инновациялық орталығы белгіленді. Ұйымдастырушылар мектеп директорларымен, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлармен, дене шынықтыру мұғалімдерімен және үйірме жетекшілерімен кездесіп, «шаршы асық» ойынының ерекшелігін түсіндірді.
– Біз бұл ойынды балалардың бос уақытында, үзіліс кезінде ойнауға ыңғайлап жасадық. Шаршы алаңдағы формат дәстүрлі шеңбер түрінен өзгеше. Мұнда түрлі қашықтықтан ату, шертпе түріндегі соққылар бар. Бұл балалардың ұсақ моторикасын, дәлдігін және логикалық ойлау қабілетін дамытады, – деді орталық басшысы Саян Мұқанов.
Ойын ережесі бойынша бір ойыншы алаңдағы асықты кезекпен атып, барлық асықты сызықтан шығарып үлгерсе, жеңімпаз атанады. Командалар екі адамнан тұрады, жалпы 5-10 топ қатыса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ойынның бұл түрі дәстүрлі асық атуға қарағанда қиындау, бірақ әлдеқайда қызықты.
Қараша айында үш өңірде іріктеу турнирлері өтеді. Ал желтоқсан айының басында жеңімпаздар орталықта өтетін жартылай финал мен финалдық ойындарға қатысады. Ақтық сынға өткен оқушыларға бағалы сыйлықтар табыс етіледі.
Жобаны тек ойын ретінде емес, білім беру процесіне енгізу үшін арнайы әдістемелік құрал дайындалуда. Бұл құралда асық ойынын сабақта және үйірмелерде пайдалану жолдары қамтылады.
– Құралдың құрастырушылары – «Egemen Qazaqstan» газетінің өңірлік меншікті тілшісі Мұрат Аяған мен «Aiqara» ақпараттық-сараптамалық порталының редакторы Асыл Әбіш. Олар бірнеше жыл бойы материал жинақтап келді, биыл мазмұнын толықтырды. Құралда үздік сабақ үлгілері енгізіледі, – деді Саян Мұқанов.
Оның сөзінше, олар бұл әдістемелік нұсқаулықты Оқу-ағарту министрлігіне ұсынуды жоспарлап отыр. Ол үшін өңірлерді аралау барысында ұстаздардан асық атуға арналған сабақ үлгілерін жинап жатыр. Ең үздік нұсқалар ресми құралға енгізіледі.
Айта кетейік, желтоқсан айында «Алтын сақа» орталығында арнайы жабдықталған кабинет ашылып, әдістемелік құрал мен финалдық ойынның таныстырылымы өтеді. Осылайша, «Асық Strike» жобасы 2025 жылды ұлттық рухты дәріптеген мазмұнды іс-шарамен қорытындыламақ.