Павлодарда ойы ұшқыр сарбаз дебат турнирінде 200 мың теңге ұтып алды

Павлодарда ойы ұшқыр сарбаз  дебат  турнирінде 200 мың теңге  ұтып алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қатардағы жауынгер мектеп қабырғасынан дебат ойындарына  белсене  қатысқан, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, қатардағы  Нұргелді Серікбосынов Ұлттық ұланның  5512 әскери бөлімінде  Отан алдындағы  борышын  өтейді. 

Әскерге  Семей қаласынан шақыртылған мерзімді әскери қызметші  Ұлттық ұлан сапында жүріп те  пікір сайыс ойындарынан  қол үзбеді. Таяуда сарбаз  Әлкей Марғұлан атындағы  Павлодар педагогикалық университетінде  өткен  дебат турниріне қатысып, бірінші орынға ие болды. Қатарынан 14 мәрте ұйымдастырылған республикалық дәрежедегі  «Aqiqat cup»  пікір сайысында  жеңімпазға  арнайы  кубок пен   200 мың теңге қаржылай сыйақы табысталды.   

–  Бірінші орынды қанжығама байлағаныма өте қуаныштымын.  Маған қолдау танытқан  қаруластарыма алғысым шексіз. Дебатта ұтымды пікір, ұшқыр ой білдірген біздің топ жоғары ұпай жинап, жеңіске жетті. Бір топ екі пікір сайысшыдан құралады. Сондықтан ұтқан ақшаны тең бөлдік. Мен қаражатты ата-анама жібердім.  Өйткені әскерде жүріп те әке-шешеме қолғабыс танытқым келеді, –   дейді қатардағы жауынгер.   

«Aqiqat cup» турниріне еліміздің әр өңіріне барлығы  48 команда бақ сынады. Дебат турнирі биыл  Ұлы  Абайдың  180 жылдық мерейтойына арналды. Қатардағы жауынгер Нұргелді  Серікбосынов  өткен жылы шілде айында  Қарағанды қаласында ұйымдастырылған сөз сайысында  үшінші орынға ие болыпты. Семейлік  сарбаз  алдағы уақытта да республикалық дебаттарда топ жаруға мақсат қойған.