Павлодарда мектеп автобустары тексерілді

Павлодарда мектеп автобустары тексерілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Инспекторлар автобустардың техникалық жай-күйіне ерекше назар аударды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда «Назар аударыңыз – балалар!» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жол-көлік инспекция қызметкерлері балаларды тасымалдайтын автобустарға тексеру жүргізді.

Іс-шараның басты мақсаты – жас жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балаларды тасымалдау кезінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

Тексеру барысында инспекторлар автобустардың техникалық жай-күйіне ерекше назар аударып, тежегіш жүйесінің жұмысы, жарық беру құрылғыларының жарамдылығы, қауіпсіздік белдіктерінің жағдайы, сондай-ақ дәрі қобдишаларының, өрт сөндіргіштердің және апаттық тоқтау белгілерінің болуы тексерілді. Сонымен қатар жүргізушілердің балаларды тасымалдау талаптарын қатаң сақтауы бақылауға алынды.

– Мұндай тексерулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Негізгі мақсат – балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деп атап өтті қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Қарабаев.

Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері жүргізушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, балаларды тасымалдау кезіндегі жауапкершіліктің жоғары екенін ескертті. Әсіресе жылдамдық режимін сақтау және жол қозғалысы ережелерін бұзбау қажеттігі айтылды.