Павлодар облысында екі күнде 400-ге жуық жол ережесін бұзу дерегі анықталды

Павлодар облысында екі күнде 400-ге жуық жол ережесін бұзу дерегі анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Рейд кезінде оннан астам мас жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күшейтілген рейдтердің екі күнінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 400-ге жуық дерегі тіркелген.

Олардың ішінде қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарудың 109, көлік тізгінінде ұялы телефон пайдаланудың 63, заңсыз қайта жабдықталған автокөлікті пайдаланудың 31 дерегі анықталды. Сондай-ақ мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген 18 жүргізуші көлік басқарудан шеттетіліп, 19 адам мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталды.

Шарбақты ауылында полиция қызметкерлері алкогольдік масаң күйде көлік басқарған Lada жүргізушісін ұстады. Тексеру барысында оның жүргізуші куәлігінің мерзімі 2016 жылы аяқталғаны белгілі болды.

Осындай тағы бір дерек Екібастұзда тіркелді. Мұнда полицейлер алкогольдік масаңдық белгілері бар электроскутер жүргізушісін анықтады. Барлық құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік материалдар рәсімделіп, іс сотқа жолданды.

– Жолдағы қауіпсіздік әрбір жол қозғалысына қатысушының жауапкершілігіне тікелей байланысты. Барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, рөлге мас күйде отырмауға және кез келген немқұрайлылықтың қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін есте ұстауға шақырамыз, – деді Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.

Еске салайық, «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы 16 шілдеге дейін жалғасады. Полицейлер өңірдің көшелері мен автожолдарында бақылауды күшейтуді жалғастырады.