Павлодарлық полицейлер жолда жатқан көгершінді клиникаға жеткізді
Қолына көгершін ұстаған жігіт құсты ветеринарлық клиникаға апару туралы өтінішпен тәртіп сақшыларына жүгінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ПМУ тұрағында құрамында полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының инспекторлары Жәнібек Шәкіров пен Әмірхан Сүлейменов болған №638 автопатруль №11 әкімшілік учаскеде патрульде жүрген. Жас жігіт жолда көгершін жатқанын, ал өтіп бара жатқан адамдар мен жүргізушілер оған бей-жай қарағанын және оны көлік басып кетуі мүмкін екенін айтқан.
Полицейлер құсқа бей-жай қарамаған тұрғынның өтінішін жерге қалдырмады.
– Көгершіндер – таңғажайып құстар. Бейбітшілік пен үйлесімділіктің, тыныштықтың, махаббат пен адалдықтың символы болып саналады. Клиника мамандары құсты емдейді және қайтадан табиғат аясына жібереді деген сенімдіміз, – дейді полицейлер.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерге жолда сақ болуға кеңес береді.
Сондай-ақ олар клиникадан кетіп бара жатқанда қатты аязда автобусқа кешігіп бара жатқан ер адамды аялдамаға жеткізіп тастады.