Павлодарда «Парасат» оқырмандар клубы ашылды
Клуб мүшелері бірінші басқосудан алдағы екі апта ішінде оқылуы керек кітапты таңдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «JEBE» қоғамдық бірлестігі мен облыстық кітапхананың бірлесуімен «Парасат» оқырмандар клубының салтанатты ашылу өтті.
Клубтың мақсаты – «Оқитын ұлт» жобасын қолдау, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және тұрақты оқырмандық ортаны дамыту.
Жиында «JEBE» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оразбек Саяхат, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан, облыстық кітапхана басшысы Шолпан Шахметова, Қазақстан Жазушылар одағының өңірлік өкілдігінің жетекшісі Серік Елікбай сөз сөйлеп, кітап оқудың қоғамның рухани дамуы үшін маңыздылығын атап өтті. Белсенді оқырман Ербол Теміров те кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдыру жөніндегі ойларымен бөлісті.
«JEBE» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оразбек Саяхаттың айтуынша, клубтың алғашқы талқылауында көпшіліктің дауыс беруімен Дулат Исабековтің «Қарғын» романы таңдалған.
– Бұл талқылауға өңірдегі кез келген адам қатыса алады. Клубта кітап талқылаулары екі аптада бір рет өткізіліп отырады. Ал үздік қатысушыға 50 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталады, – деді ол.
Бастамашыл топ «Парасат» клубын кітапсүйер қауымның басын қосып, мазмұнды пікір алмасу мен рухани дамудың ортасына айналдыруды көздейді.
Айта кетелік, келесі талданатын шығарма «Қарғын» романы талқылау барысында анықталады.