Павлодарда 500-ге жуық жас өнерпаз ұстаздар тарихын сахнада көрсетті

Павлодарда 500-ге жуық жас өнерпаз ұстаздар тарихын сахнада көрсетті
Фото: Облыстық оқушлар сарайы

Оқушылар сарайында Мұғалімдер күніне арналған мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Мерекелік шара Павлодардың педагогтері мен сала ардагерлеріне арналды. Балалар театрландырылған қойылым, музыка, ән және хореография арқылы мұғалім еңбегінің қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін көрсетті.

Сахнада ұстаздың алғашқы сабағы алдындағы толқынысы, жас маманның күнделікті жұмысы, шәкірттердің алғашқы жетістіктері мен кішкентай жеңістердің қуанышы бейнеленді. Кеше ғана мектеп партасында отырған оқушының өз мақсатына нық қадам басқанын көргендегі ұстаздың мақтанышы да көрініс тапты.

- Қойылымда мұғалімнің басты міндеті тек білім беру емес екені көрсетілді. Ұстаз баланың қабілетін ашуға көмектеседі, қиын сәтте қолдау көрсетеді, өзіне сенуге және күмәнді жеңуге үйретеді. Кейде педагогтің бір ауыз жылы сөзі баланың болашақ жолына әсер етуі мүмкін, - деп хабарлады оқушылар сарайынан.

Мерекелік бағдарламада Оқушылар сарайының вокал, хореография және шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Әр нөмір ұстаз мамандығы мен осы кәсіпке өмірін арнаған жандар туралы ортақ сахналық оқиғаның бір бөлігіне айналды.

Кеш соңында жас өнерпаздар «Ұстазым» әнін орындап, педагогтерге алғысын білдірді.