Павлодарда перинаталдық орталыққа ретиналды камера орнатылды
Мұндай сыйлықты Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» қоры тарту етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, ретиналды камера Павлодар облысында жаңа туған сәбилердің көру қабілеті бойынша мүгедектігін төмендетуге мүмкіндік береді.
– Біз сыйлаған ретиналды камераның көмегімен енді жүздеген сәбиді мүгедектіктен құтқарып қалуға, яғни шала туған нәрестелердің көзін тексеріп, дәл уақытнда диагноз қою мүмкін болады. Балалардың денсаулығына қатысы өңірлік жобаларды қолдау - «Самұрық-Қазына» АҚ үшін маңызды басымдықтардың бірі, - деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.
Павлодар облысында жыл сайын 10 000-нан астам бала дүниеге келеді. Өңірде соңғы бір жылда 763 сәби мерзімінен бұрын туған. Мұндай балалардың 40%-да ретинопатия – көру қабілетінің толық жоғалуына әкеп соқтыратын ауыр диагноз қойылады. Дәрігерлер перзентханада неонаталдық офтальмологияның қалыптасуына көмектескені үшін «Samruk-Kazyna Trust» қорына зор ризашылығын білдірді.
Еске сала кетсек, «Жаңа туылған нәрестелердің ретинопатиясы» жобасын «Samruk-Kazyna Trust» қоры «АЯЛА» қайырымдылық қорымен бірлесіп жүзеге асыруда. 2021 жылдың мамыр айынан 2023 жылдың сәуір айына дейінгі аралықта автоматты гипотермия жабдықтарының алты аппараты арқылы 70-ке жуық жаңа туған нәресте құтқарылды.