Павлодарда пластилиндік анимация техникасында жасалған мультфильм жарық көрді
Ол - Қазақстан мен Ресейдің мәдени дәстүрлерін біріктіретін бірегей жоба, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
С.Торайғыров атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың мәлімдеуінше, жуырда «Сила искусства» халықаралық әдеби арт-фестивалі өтеді. Бұл екі елдің – Қазақстан мен Ресейдің мәдени дәстүрлері мен таланттарын біріктіретін бірегей оқиға.
- Бұл күні әдебиет пен өнердің көптеген жанрлары мен түрлері ұсынылады. Бұл саяхатта біздің оқырмандар өнердің тағы бір қызықты түрін - мультипликациямен (анимация) таныса алады. Фестивальдің ашылуында көрші мемлекеттің авторлары алғаш рет көрермендердің назарына пластилиндік анимация техникасында жасалған мультфильмді ұсынады, - делінген хабарламада.
Сюжеттің негізінде орыс жазушысы Елена Ткач жазған «Савка туралы аңыз» жатыр. Оны қазақ тіліне аударған павлодарлық ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралхан.
- «Савка» мультфильмі - бұл екі кітапхананың яғни Қарасұқ ауданының орталық кітапханасы мен Павлодар облыстық кітапханасының бірлескен жобасы. Мультфильмді екі тілде Павлодар және Қарасұқ қалаларының педагогикалық колледждерінің студенттері дыбыстады, - деп толықтырды ұйымдастырушылар.
«Сила искусства» арт-фестивалінің бағдарламасында қазақстандық және ресейлік суретшілердің балалар кітаптары иллюстрацияларының көрмесі, сонымен қатар павлодарлық және шетелдік шеберлердің шығармашылық мастер-кластары бар.
Фестивальге қатысу тегін.
Шара 28 қыркүйекте сағат 9:00-де басталады.