Павлодарда жайдарман ойындарында зал лық толы болды
Бұл жолы Торайғыров университетінде жайдарманның форматы өзгеше өтті, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Көрерменнің әзілді сағынғаны залдағы орындардың жетіспеушілігінен байқалды. Жастардың әзілін тамашалауға келген тұрғындардың қарасы қалың болды.
Жекпе-жек форматында ұйымдастырылған жайдарманның бірінші турында 10 команда сынға түсті. Жайдарманшылар қоғамда көрініс тапқан оқиғалар мен түйткілді мәселелерді астарлы әзіл-қалжыңмен жеткізуге тырысты. Қызықты да тартысты өткен сайыс қала тұрғындарына керемет көңіл-күй сыйлады.
Қазылар алқасы ойыншылардың дайындық деңгейі өскенін атап өтті.
– Жастардың ойыны керемет өтті. Командалардың қызу дайындықпен келгені көрініп тұр. Залдың көрерменге толы болғанына қуанып тұрмын. Тіпті, кейбір көрермендер соңына дейін тұрып тамашалады. Келесі кезең бұдан да қызықты болады деген ойдамын, – дейді Павлодар Жайдарман лигасының басшысы Олжас Қоңыратбаев.
Ойыншылардың ішінен «Низам» мен «Ақтоғай» құрамалары көрермен мен қазылар алқасының көңілінен шықты. Жастардың өнеріне разы болған көрермен қауым қошеметпен ду қол шапалақтап, құрмет көрсетті.
Сондай-ақ «Білім-Иновация» лицейінен келген «Синдикат» құрамасы да ерекше аталып өтті. Ойынның келесі кезеңі қай күні өтетіні әзірге белгісіз.
Айта кетейік, жайдарман ойындары «Павлодар қаласының ішкі саясат» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен өтті.
Мақсат Көлтайұлы