Павлодарда шөлмектесін пышақтаған адам сотталды
Іс №2 қалалық сотында қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс материалдарына сәйкес, ағымдағы жылдың тамыз айында ер адамдар алкогольдік ішімдік ішіп, олардың арасында жанжал туындаған. Осы араздықтың негізінде К., денсаулыққа ауыр зиян келтіру мақсатында қасақана О.-ның кеудесінің артқы бүйір бетінен пышақпен екі рет соққы беріп, сол арқылы денсаулығына ауыр зиян келтірген.
Прокурор соттан айыпталушыны бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сот іс материалдарын, куәлардың айғақтарын, құжаттамалық дәлелдемелерді және сараптама қорытындыларын ескеріп, айыпталушының кінәсі дәлелденген деп тапты. Сонымен қатар, сот кінәні ішінара мойындауды жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде қарап, масаң күйде қылмыс жасауды және қылмыстардың қайталануын жауаптылықты ауырлататын жағдай деп таныды.
Нәтижесінде К.-ға қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.