Павлодарда «Шахимардан Абай шыңында» атты жинақ жарық көрді

Аталған еңбек Шахимардан Әбіловтің 75 жылдығына арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада көрнекті жерлесіміз, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Шахимардан Әбіловтің 75 жылдығына арналған «Шахимардан Абай шыңында» атты жинақтың тұсаукесері өтті.
Облыс әкімі Асайын Байханов мерейтой иесін құттықтап, оның отандық мәдениетті дамытуға және Абай мұрасын насихаттауға қосқан баға жетпес үлесін атап өтті.
– Бұл жинақ – тек өмірбаян туралы деректер ғана емес, мәдени дәуірдің шежіресі және ұлы ойшылдың рухани мұрасын сақтаудағы маңызды қадам, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Шахимардан Әбіловтің Абай шығармашылығын, оның ішінде Қара сөздері мен әндерін халықаралық сахнада оның тереңдігі мен философиясын музыка арқылы жеткізген алғашқы әртіс екендігі ерекше атап өтілді.
Іс-шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Айтқали Жайымов, профессор-хирург Серік Тоқпанов, белгілі журналист және ақын Қорғанбек Аманжолов, С.Торайғыров атындағы университеттің ректоры Нұрлан Медетов және зиялы қауым өкілдері қатысты.