Павлодарда спорт ардагерлері марапатталды
Қазақстанның олимпиадалық қозғалысы 30 жылдық мерейтойын атап өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бүгін облыс әкімдігінде өңірдің еңбек сіңірген жаттықтырушылары мен спортшылары марапатталды. Айтулы күнмен қатысушыларды ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті бас хатшысының орынбасары, олимпиада чемпионы Серік Сәпиев және облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов құттықтады.
– Еліміздің туы көкке көтеріліп, әнұранымыз шырқалғанда рухымыз көтерілетіні сөзсіз. Сіздерге қазақстандық спортқа қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамыз. Біз Нагано мен Лондон олимпиадаларының қола жүлдегерлері – Людмила Прокашева мен Дәулет Шабанбаймен мақтанамыз, – деп атап өтті Серік Батырғұжинов.
Павлодар облысының спортшылары 7 жазғы және 6 қысқы олимпиада ойындарына қатысты. Биылғы жылы Париждегі жазғы Олимпиада ойындарына лицензия алу үшін облыстың 10 спортшысы дайындық жасауда.
Олимпиадалық қозғалысқа қосқан елеулі үлесі үшін сегіз павлодарлық спортшыға «Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетіне 30 жыл» мерейтойлық медалі, 13 спорт ардагеріне ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің Алғыс хаттары табыс етілді.