Павлодарда жас мәнерлеп сырғанаушылар бас қосты
«Ертіс мұзы» атты мәнерлеп сырғанаудан облыстық біріншілік басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық конькимен мәнерлеп сырғанау федерациясы қоғамдық балалар мен жастар бірлестігінің жетекшісі Жанна Ибрашеваның айтуынша, өңірлік құрама - ең көп қатысушысы бар команда. Алайда жарыста бәсекелестік ортаны қалыптастыру мақсатында Қостанай, Астана қалаларындағы федерациялар мен спорт мектептерінің, сондай-ақ Алматы қаласынан Денис Тен академиясының спортшылары шақырылған.

– Биыл алғаш рет ең кішкентай қатысушылар өз бағдарламаларын ұсынды. Павлодар мен Ақсу қалаларындағы мектептердің тәрбиеленушілері мұз айдынына шығады. Ақсудағы жасөспірімдер спорт мектебі бөлімшесі өткен жылы ашылған болатын, ал бүгін олар өздерінің ең жас спортшыларын алғаш рет жарысқа шығарып отыр, – деді Жанна Ибрашева. – Жас спортшылар «Алғашқы қадамдар» санатында өнер көрсетуде. Қатысушылар қатарында 2019-2021 жылдары туған ең кішкентай қатысушылар бар.
Оның айтуынша, облыстық біріншілік өңірлік құрама командасын жасақтау мақсатында өткізілуде. Маусым соңында команда облыстық чемпионаттар, біріншіліктер және республикалық жарыстардың нәтижелері негізінде құрылады.
– Жарысқа Павлодар облысынан 50 спортшы қатысуда. Негізінен бұл — екінші спорттық разрядтан бастап жасөспірімдер санаты. Екінші спорттық разряд және одан төмен, сондай-ақ A1 разряды бойынша қатысушылар еркін бағдарлама орындайды. Ал жоғары разрядтағы спортшылар қысқа және еркін бағдарламалар бойынша сынға түседі. Ал ең кішкентайлар мен жасөспірімдер тек еркін бағдарламамен өнер көрсетеді, – деп нақтылады ол
Жарыс қорытындысы бойынша «Алғашқы қадамдар» санаты бойынша жас ерекшеліктеріне қарай, сондай-ақ разрядқа дейінгі, жасөспірімдер және жоғары спорттық разрядтар арасында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.

Біріншілік аяқталғаннан кейін спортшылар келесі жарыстарға дайындықты жалғастырады. Алдағы уақытта олар Қазақстан Республикасы Кубогына қатысады. Бұл турнирдің алғашқы кезеңі Шымкент қаласында өтеді.