«Ертіс» Екінші лигадағы көшбасшылығын қайтарды

«Ертіс» Екінші лигадағы көшбасшылығын қайтарды
Фото: Ольга Бугаева

Павлодарлықтар ірі жеңіске қол жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Петропавлдың «Қызылжар» жастарына қарсы кездесу Николай Гавриштің «Ертістің» бас бапкері ретіндегі тұңғыш ойыны болды. Жаңа жаттықтырушы жасыл майданға жасына қарамай барлық күшті ойыншыларды шығаруға тырысты. Алаңға бірінші минуттардан Владимир Воменко, Арман Смайылов, Изат Күлжанов, Алмас Әбдуәлиев пен Руслан Есімов шықты.

Кездесу «Ертістің» сөзсіз басымдығымен өтті. Бірінші тайм орта шеніне дейін алаң қожайындарының қимылдары нәтиже бере қоймады. Алайда Владимир Воменко мен Виктор Крюковтың қапталдардағы белсенділігі әсер етпей қоймады. Арман Смайылов қорғанысты үнемі қысымға алса, Руслан Есімов қауіпті соққылар бағыттап жатты.

Осының бәрі голды жақындата түсті. Алмас Әбдуәлиев, Руслан Есімов пен Айхан Ержанов әдемі комбинация ұйымдастырып, соңғысы айып алаңына енген Арман Смайыловқа пас тастады. Шабуылшы айып алаңы сызығынан күшті соққы бағыттап, есеп ашты. Екінші тайм басында епті Руслан Есімов тағы да сол Арман Смайыловқа пас жеткізді, ол жақын жерден петропавлдық қақпашыны қапыда қалдырды – 2:0.

Ойынға жаңадан кіріскен футболшылар да аянып қалмады. 73-минутта Александр Бовкун сол қапталда ойқастаған Тимур Байжановқа доп жеткізді, ол қарсылас қорғаушысын алдап өтіп, допты алыс бұрышқа әдемі бағыттап матчқа нүкте қойды. Нәтиже 3:0. Матч соңына таман Александр Бовкун бірнеше ұрымтал сәттерде мүлт кетті.

Осы жеңістің арқасында «Ертіс» 22 ұпай жинап, Солтүстік-Шығыс конференцияның көшін бастады. «Шахтер Ж» командасында да 22 ұпай, қарағандылықтар өз кездесуін 26 маусымда өткізеді.