Павлодарда еліміздің үздік шабандоздарын анықтайды

Павлодарда еліміздің үздік шабандоздарын анықтайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Іріктеуден өткендер Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға мүмкіндік алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Қалалық ішкі саясат бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 тамыз күні сағат 15:00-де қалалық ипподромда бәйгеден Қазақстан Республикасының чемпионатының VІІІ іріктеу кезеңі өтеді.

Павлодар қаласы күзде өтетін Қазақстан чемпионатының финалында жүлделер мен орындар үшін күресетін Қазақстанның үздік шабандоздарын қарсы алады. Сонымен қатар бұл дода бәйге түрлерінен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеудің І кезеңі болмақ, –  делінген хабарламада.

Еліміздің үздік шабандоздары Құнан бәйге, Топ бәйге, Аламан бәйге және Жорға жарыс бойынша күреседі. Жалпы жүлде қоры – 24 миллион 900 мың теңге.

Сондай-ақ, көрермендер үшін жалпы сомасы 3 миллион теңгені құрайтын жүлделер ұтыс ойыны өткізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-14 қыркүйек аралығында Қазақстанда тұнғыш рет өтеді. Алматы облысында жамбы атудан ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Жамбы атудан ҚР Ұлттық құрамасының бас бапкері Елдос Бадашев бүгінгі таңда жылқыларды спорттық дайындаумен айналысуда.