Павлодарда тіс емдеген бүлдіршін жансақтау бөліміне түсті
Қазіргі уақытта тексеріс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2023 жылы туған бүлдіршіннің тісін емдеу кезінде жағдайы нашарлап, есінен танып қалған.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2026 жылғы 21 қазанда сағат 15:45-те бала жедел жәрдем бригадасымен Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.
Қабылдау бөлімін айналып өтіп, қыз бала өте ауыр жағдайда бірден жансақтау бөліміне жатқызылған. Қазіргі уақытта ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, қарқынды терапия жүргізіліп жатыр.
– Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының және Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы мамандарымен телемедициналық кеңес өткізілді. Пациентті жүргізу тактикасы мен одан әрі емдеу тәсілдері келісілді. Жағдай денсаулық сақтау басқармасы басшысының жеке бақылауында, – деп хабарлады басқармадан.
Баланың жағдайын динамикада бағалау және жүргізіліп жатқан емнің тиімділігін бақылау мақсатында облыстық балалар ауруханасы дәрігерлерінің қатысуымен күн сайын пәнаралық консилиумдар өткізіледі.
Оқиғаға қатысты Павлодар қалалық бірінші тіс емханасының мамандары да түсініктеме берді.
«Қазіргі уақытта оқиғаның себебін анықтау мақсатында ресми тексеріс жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы «Халық денсаулығы туралы» кодексінің 273-бабына сәйкес пациенттің медициналық және жеке мәліметтерін жариялауға құқығымыз жоқ. Сол себепті емдеу шаралары туралы егжей-тегжейлі ақпарат бере алмаймыз», – делінген хабарламада.
Оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары да анықтап жатыр. Тексеру нәтижелері бойынша құқықтық баға беріледі.