Павлодарлық жедел уәкілдер іздеуде жүрген азаматты Өзбекстанда ұстады
Ол бес жыл бойы автокөлікті ұрлағаны үшін іздеуде болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар жедел уәкілдері жедел іздестіру іс-шаралары барысында Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының Нұравшан қаласында осы елдің 27 жастағы азаматын ұстады.
– 2018 жылдың желтоқсанында ер адамның Астана қаласындағы базарлардың бірінен «Lada Priora» маркалы автокөлікті айдап әкеткені анықталды, – деді департаментте.
Сот оны бұл әрекеттері үшін бас бостандығынан айырды, алайда ол босатылғаннан кейін заңда белгіленген мерзімде Екібастұз қаласының полициясына есепке тұрмаған. Осыған байланысты халықаралық іздестіру жарияланды.
Айта кетейік, қылмыскерлерді іздестіру – криминалдық полиция жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасының басқа облыстарынан және таяу шет елдерден келген әріптестерімен бірлесіп жүзеге асырылады.