Павлодарда еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған күйшілер домбырамен жарысады
Үш күндік байқауға 31 домбырашы қатысады, деп хабарлайды@Pavlodarnews.kz тілшісі.
Естай атындағы мәдениет сарайында Қазақ КСР халық әртісі Рүстембек Омаровтың 105 жылдығына арналған І республикалық жас домбырашылар конкурсының ашылу салтанаты өтті.
Байқаудың ашылуында ҚР еңбек сіңірген артисі, профессор Тұрар Әліпбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жанас Бекентұров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Дәурен Глымов, Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Талғат Кәрімов, музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешенінің басшысы Серік Сыздықов мерейтоймен құттықтады.
Әрі үш күндік жарыста қазылық ететін болады. Оған 16-35 жас аралығындағы 31 кәсіби домбырашы қатысады. Қатысушылар Алматы, Астана, Шымкент және Қостанайдан келді.
– Кәсіби музыканың кірпішін қалаған Рүстембек Омаров күйшімізге арналған жарыс болғандықтан, нағыз кәсіби домбырашылардың сайысы деп айта аламын, – дейді Тұрар Әліпбаев.
Кезеңдерде дәстүрлі домбырашының репертуарында болған «Ақсақ құлан» (халық күйі), «Қос ішек» (Дәулеткерей), күйшінің «Жастық шақ», Сергей Шабельский мен Лев Шайгородскийдің «Тойбастар» күйлерінің орындалуы міндетті болып табылады. Сондай-ақ, қатысушылар өз таңдауы бойынша бірнеше күй орындайды.
– Дарабоз күйшінің атымен өңірімізде бірінші рет кәсіби домбырашылар додаға түсейін деп жатыр. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен күйшілер келді. Біз арнайы Рүстембек атамыздың шығармашылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырып отырмыз, – дейді Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның шығармашылық жөніндегі басшының орынбасары Сәуле Мұқаева.
Конкурстық кезеңдер филармонияның концерттік залында өтеді.
Ал байқау жеңімпаздары мен ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Талғат Кәрімовтің жетекшілігіндегі Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің қатысуымен гала-концерт 15 қараша күні, сағат 15:00-де Естай атындағы мәдениет сарайында өтетін болады.