Павлодарда түнде өрттен үш адам көз жұмды
Марқұмдардың жеке басы анықталып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
18 наурыз күні сағат 03:51-де Павлодар ауылында тұрғын үй өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Жеке тұрғын үй аумағында көлікжайға бекітілген бір бөлмелі газблокты ғимараттың ағаш шатыры опырылып, жалпы алаңы 40 шаршы метрде жиһаз және тұрмыстық заттар толығымен жанып кетті.
- Өртті сөндіру барысында ғимараттың терезесінің жанынан екі күйген мәйіт табылды. Олардың деректері анықталуда. Ғимараттан 50 литрлік газ баллоны шығарылды. Өрт сағат 04:36-да оқшауланып, 05:10-да жойылды. Себептері мен шығыны анықталуда, - деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінде.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Кінәлі адам бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Осы түні сағат 04:09-да Павлодар қаласында Генерал Дүйсенов көшесі, 304 мекенжайында құрылыс тіркемесі өртеніп жатқаны туралы ақпарат келіп түсті. Өрт 20 шаршы метр аумақты жалмады. Оқиға орнында өрт сөндірушілер жанып кеткен мәйітті тапты, деректер анықталуда.
Осы оқиғаға байланысты Павлодар қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Фото: облыстық ТЖД