Павлодарда тұрақ ережесін бұзу фактісі мобильді қосымша арқылы анықталды
«Омниканальность» арнасына тұрғындар заңбұзушылықтың фотосуретін жіберген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірдегі тәртіп сақшылары мүгедектігі бар адамдарға арналған тұрақ орындарын заңсыз пайдалануға болмайтынын ескертеді. Мұндай орындарға тиісті рұқсаты жоқ көліктерді қою әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін біле тұра көлік қалдыратындар аз емес.
Облыстық полиция департаменті мәліметінше, көлікті тұраққа қою ережелерін бұзу өзге жол қозғалысына қатысушыларға қолайсыздық туғызып қана қоймай, жол қауіпсіздігіне де кері әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ мұндай әрекеттер шұғыл қызмет көліктері мен арнайы техниканың қозғалысына кедергі келтіруі ықтимал.
Жақында полицияға «Омниканальность» арнасы арқылы заңбұзушылықтың фотосуреті тіркелген хабарлама түскен. Павлодар қаласының тұрғыны Peugeot маркалы автокөліктің жүргізушісі мүгедектігі бар адамдарға арналған тұрақ белгісінің астына көлігін қойып кеткен.
Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері көлік иесін анықтап, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Жүргізушіге айыппұл салынды. Сонымен қатар, онымен жол қозғалысы ережелерін сақтау және өзге қатысушылардың құқықтарын құрметтеу қажеттігі жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Полицияның хабарлауынша, жыл басынан бері 1389 азамат «Омниканальность Police 102» мобильді қосымшасын пайдаланған.
Ведомство өкілдері тұрғындарды жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына бейжай қарамауға шақырады. Құқықбұзушылықтың куәсі болған азаматтар бұл туралы «102» арнасына хабарлай алады немесе «Police 102» мобильді қосымшасы арқылы ақпарат жолдай алатынын еске салады.