Павлодарлық балаларға Президенттің атынан атаулы құттықтау хаты табыс етілді
Шыршаға 9 жастан 13 жасқа дейінгі 150 бала шақырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл - жетім балалар, ерекше қажеттіліктері бар, көп балалы отбасылардан шыққан, оқуда, спортта, шығармашылықта жетістікке жеткен дарынды балалар. Оның ішінде 82 оқушы облыс аудандарынан келді. Олар «Ертіс» қонақ үйіне орналастырылды.
Мереке қонақтарын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан облыс әкімі Асайын Байханов құттықтап, балаларға мықты денсаулық, зор табыс тіледі. Өз күштеріне сеніп, қиындықтардан қорықпау керектігін айтты.
- Бүгін шынымен де тамаша мейрам. Мен де бала кезімде бұл мерекені қалай күтетінімді есіме алдым. Барлықтарыңа бақытты балалық шақ тілеймін. Әрдайым осылай көтеріңкі көңіл күйде және позитивті болыңдар. 2024 жылы армандарың орындалып, үлкен жетістіктерге жетіңдер. Алда демалыс, күш жинап алыңдар, - деп аймақ басшысы тілегін білдірді.
Әрбір бала Қазақстан Республикасы Президентінің атынан атаулы құттықтау хатын, 150 мың теңгеге ақшалай сертификат, кітап, ойыншық және тәттілер алды. Мерекелік қойылым соңында балаларға «тәтті дастархан» жайылды.