Павлодарда жалдамалы пәтері жанып кеткен жалғызбасты әкеге учаске сатып алынады
Vita еріктілері қиын жағдайға тап болған отбасыға көмектескен жандарға алғыс білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Бұл отбасыға жасаған жақсылықтарыңыз отбасыларыңызға еселеніп, береке болып кірсін. Жалдамалы пәтері жанып кеткен отбасыға қаражат жинауды ресми түрде тоқтатамыз, – деді ұйымның жетекшісі Екатерина Кудрявцева.
Қиын жағдайды басынан өткеріп жатқан отбасының тағдырына бей-жай қарамайтын мейірімді жандардың қолдауымен екі күннің ішінде 3 млн 227 мың теңге жиналған.
Бастапқыда қаражат жинаудың мақсатын өзгертіп, Даун синдромы қойылған бала тәрбиелеп отырған Виталий мен егде жастағы анасына пәтер сатып алу жоспарланған, дегенмен баспана иесімен ортақ келісімге келу мүмкін болмаған.
– Соңында Виталиймен сөйлесіп, ақшаның бір бөлігіне жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін сатып алу туралы шешім қабылданды. Бұл – Виталийдің қалауы. Қалған қаржы жанып кеткен пәтерді қалпына келтіруге және көршілеріне келтірілген шығынды өтеуге жұмсалады, – дейді еріктілер.
Әлі де бұл отбасыға көмектесуге ниетті жандар болса, төменде реквизиттер жазылған: 4400 4302 2089 9659. Kaspi Gold нөмірі баланың әжесінің (Асия А.) атына тіркелген. 8 702 914 09 35.
Еске сала кетейік, Ермак көшесіндегі үш қабатты үйде үшінші қабатта екі бөлмелі пәтер отқа оранды. Виталий ұзақ жылдар бойы мүмкіндігі шектеулі баланы жалғыз тәрбиелеп келеді. Бала ұйқыдан оянған соң ас үйге барып, шырпымен креслоны тұтатқан. Әрі қарай ештеңе түсінбестен балконға шыққан.
Посмотреть эту публикацию в Instagram