Павлодарда тұрғын үй аумағында жаңа демалыс аймағы салынады
Аталмыш мәселе тұрғындардың келесімімен шешімін тапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков мәлімдеді.
- Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Қ.Қамзин көшесі, 20-үйдің тұрғындарымен кездестім. Онда ауланы абаттандыру мәселесі жайында сөз болды. Бұған дейін бұл аумақта автотұрақ салу жоспарланған болатын. Алайда тұрғындардың бір бөлігі бастамаға қарсылық білдіріп, оның орнына балалар немесе спорт алаңын орнатуды ұсынды, - дейді ол.
Шаһар басшысының айтуынша, коммуналдық қызметтер жүргізген тексеруде аталған аумақта жер астымен инженерлік желілер өтетіні белгілі болған. Сондықтан, қауіпсіздік талаптарына сәйкес мұнда ойын алаңдарын орналастыру мүмкін емес.
Кездесу нәтижесінде әкімшілік пен тұрғындар өзара ортақ шешімге келді. Яғни бұл жерге автотұрақ емес, оның орнына қалалықтардың жайлылығына арналған демалыс аймағы салынбақ. Ол үшін аталмыш аула абаттандырылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылатын болады.