Ақтоғайда жаңартылған мәдениет үйінде не болмақ?
Ғимарат 30 жыл жөндеуден өтпеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Әуелбек ауылындағы мәдениет үйінде ауқымды жөндеу, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Әкімдік ауыл тұрғындары үшін ғимараттың ішінде кітапхана, Қазпошта, ардагерлер кеңесі ашуды жоспарлап отыр.
–Біз сметалық құжаттамаға өзгерістерді енгізуді талап еттік. Яғни 300 орынға арналған мәжіліс залының еденіне арнайы жабынды төсеуді сұрадық. Керек кездерде орндықтарды алып, сол жерде би билеп, спортмен айналысып, әр түрлі ойын ойнауға мүмкіндік болады. Сондықтан да бұл әмбебап залға айналады,– деді Ақтоғай ауданының мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбол Мұқитов.
Ауыл ардагерлері кеңесінің төрағасы Әуелбек Рахимов жергілікті тұрғындар көп жылдар бойы тозығы жеткен ғимаратқа жаны ашыған, алайда әкімдіктің оның жөндеуімен айналысуға мүмкіндігі болмағанын атап өтті.
– Ауылдың инфрақұрылымы көтеріліп жатыр. Сондай-ақ, амбулатория салынуда, жастар ауылдан кетуге асықпайды, – деп қуанышпен бөлісті ауыл тұрғыны.
Сонымен қатар, биыл Әуелбекте өткен ғасырдың 80-жылдарынан бері жөнделмеген жеті шақырым кентішілік жолдарға асфальт төселетін болады.