Наурыз мейрамы павлодарлықтар үшін несімен қымбат

Әр отбасы көктемнің келуін өзінше тойлайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көктем мерекесін тойлаудың өзіндік дәстүрі мен өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, Мәненбаевтар отбасы Наурыз мейрамын наурыздың 21-нен 22-не қараған түні тойлайды. Әмина Бексейітова келіні Ұлпанмен бірге дастархан жайып, үйдегілер мерекелік киім киіп, немерелері ән айтып, тақпақтарын жатқа айтады.
– Келесі күні бір-бірімізге сыйлық береміз, туыстарымызға қонаққа барамыз немесе олар бізге келеді, бір-бірімізге денсаулық, амандық тілейміз. Бұл күні қазақ: «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!» дейді. Біз же барша жерлестерімізге ашық аспан, әр шаңыраққа бақыт пен денсаулық тілеймін, – деді Әмина Бексейітова.
Белгілі футбол бапкері Сергей Якушин үшін Наурыз, ең алдымен, отбасылық мереке. Маман өзінің отбасылық мерекелік дәстүрлерімен бөлісті.
– Біздің отбасымыз үшін Наурыз – көктемнің келуі, жылылықтың келуі, табиғаттың ұйқыдан оянуы мерекесі, – деп бөліседі Сергей Якушин. – Бұрын Наурыз мейрамына кәуап жасау дәстүрі болған, енді ет асамыз. Туыстарды үйде қабылдаймыз, өзіміз қонаққа барамыз – бір-бірімізді құттықтаймыз. Біз алаңға шығып, қалған павлодарлықтармен көңіл көтергенді жақсы көреміз. Мен үшін Наурыз – бұл күн мен түннің теңесуінің қуатты ғарыштық энергиясы күні.
Кәсіпқой футболшы ретіндегі мансабында Сергей Якушин еліміздің әртүрлі аймақтарындағы әртүрлі клубтарда ойнады. Соның арқасында футболшы Наурыз мерекесін тойлаудың түрлі дәстүрлерін көрді.
– Оңтүстіктегі Атакенттің «Мақтааралында» ойнағанымда, Наурыз көжені сонда көп әзірлейтіні есімде, ол маған қатты ұнайды. Мен бұл командада екі маусым ойнадым, өте жақсы естеліктер қалды. Алматыда ойнаған кезімде Наурыз көже де әр жерде дайындалып, Ескі алаңда «Үркер» тобының әні «Наурыз» естіліп тұратын. Мен оны содан бері жақсы көремін - жылы, мейірімді ән, - деп еске алады маман.
Павлодарлық Ольга Путинцева мерекелік бесбармақтың қамырын өзі жаяды. Ет әзірлеу болса, ерлер ісі, дейді ол.
– Ет бірнеше сағат қайнатылады, содан кейін күйеуім оны әдемі түрде турайды. Өкінішке орай, мен бауырсақ пісіруді білмеймін, бірақ біздің отбасымыз оларды өте жақсы көреді. Мерекенің өзінде біз негізінен достармен жиналамыз: жағалауға, саябақтарға барамыз, концерттерді көреміз, тәттілерді жейміз. Сосын үйге барып дастархан басына бірге отырамыз. Таңертең біз әрқашан отбасымыз бен достарымызды мерекемен құттықтаймыз, – деп бөлісті Ольга Путинцева.
Бір қызығы, Наурыз тек зороастризм мен пұтқа табынушылық элементтерін біріктіріп қана қоймайды, оның христиандардың басты мерекесі – Пасхамен де көп ұқсастығы бар.
Біріншіден, тойлау уақытын алайық. Пасха көктемгі толық айдан кейінгі бірінші жексенбіде тойланады. Көктемгі толық ай – көктемгі күн мен түннің теңелу күнінен ерте емес болатын алғашқы толық ай. Православиелік, католиктік, тіпті протестанттық дәстүрлердегідей, миллиондаған адамдардың санасында Пасха көктемнің келуімен тығыз байланысты.
Тағы бір ұқсастық дәстүрлерде. Мысалы, жоғарыда айтқанымыздай, кейбір түркі және иран халықтарында Наурызда пісірілген жұмыртқаны бояу дәстүрі бар. Ежелгі заманнан бері жұмыртқа жаңа өмірдің туылуының символы болып саналды. Сондай-ақ Пасха мен Наурызда жалпы тазалық жасау әдетке айналған.
1926 жылы КСРО-да кеңес халқына екі мерекені тойлауға тыйым салынды. Большевиктер бұл мерекелерге қарсы болды және оны тойлағандарды қудалады. Бұл адамдар кейін қуғынға ұшырады. 1967 жылы 40 жылға жуық үзілістен кейін Кремль күтпеген жерден Наурыз мерекесін тойлауға рұқсат берді: алдымен Әзірбайжан мен Өзбекстанда. Бұл шешімді тарихшылар КСРО-ның Таяу Шығыстағы, әсіресе Иранға қатысты саясатымен байланыстырады. Қазақстанда Наурыз мейрамының қайта жандануы 1988 жылы көктем мейрамы алғаш рет Алматыда жаппай тойланған кезден басталады.
Айта кетейік, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде ЮНЕСКО Наурыз мерекесін адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енгізіп, содан бері 21 наурыз халықаралық Наурыз күні болып жарияланды.