Павлодарда жалған арақ пен темекі сатылған
Қаладағы шағын дүкендерде «Jusan» және «Absolut Standart» маркалы жалған өнімдер сатылымда тұрған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Заң және тәртіп» бағдарлама аясында жұмыс істейтін экономикалық тергеу қызметі Мемлекет басшысының көлеңкелі экономикамен күрес саласында алға қойған міндеттерін белсенді түрде жүзеге асыруда. Қызмет тіркеусіз кәсіпкерлік, лицензиясы жоқ ұйымдар, қызметіне заңмен тыйым салынған ұйымдар, тіркеуге жалған құжат ұсыну сияқты заңсыз кәсіпкерлік әрекеттермен күресуде. Осы істер үшін адамдар әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін.
Экономикалық тергеу департаментінің облыс бойынша бірінші жедел басқармасының басшысы Жоламан Қиналбеков бірнеше заңсыз іске тоқталды.
– 16 шілдеде Павлодарда жалған тіркеу-бақылау маркаларымен сатылып жатқан «Jusan» мен «Absolut Standart» суррогат арақтарының 21 мың бөтелкесін анықтадық. Ал тамыз айында контрафактілік алкоголь өндіретін цехты жабып, 316 литр суррогат тәркіледік, – деді басшы.
Өткен жылы да қызмет 22 мың контрафактілік спирт тиелген жүк көлігін ұстап, заңсыз өнім тәркіледі. Сондай-ақ, лицензиясыз 11 мың алкогольдік сусын шығарған тұрғынды тапты. Жоламан Қиналбековтың айтуынша, «Finka» арағы мен «Bacchus» коньягы да жиі жалған болып шығады.
Спиртті ішімдіктерден басқа, темекі де маркасыз сатылған. Өткен жылы жүк көлігі ұсталып, 500 миллион теңгеге 700 мың темекі бұйымы тәркіленді. Ал бұдан кейін қызмет қырғыз темекілерін заңсыз сатудың екінші фактісін анықтап, мың қорап тәркіледі.
Егер сіз заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактілеріне тап болсаңыз, «АФМ-Инсайдер» телеграм каналы арқылы анонимді түрде өтініш жібере аласыз.