Павлодар облысында кедендік қызметтердің көп бөлігі электронды форматта жүргізілді

Бұл – бизнес пен азаматтар үшін уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Соңғы жылдары Қазақстанда кедендік әкімшілендіру саласында цифрландыру кең көлемде енгізілуде. Бұл бағыттағы маңызды жетістіктердің бірі – «Астана-1» және жаңадан енгізіліп жатқан «Кеден» ақпараттық жүйелерінің жұмысы.
«Астана-1» жүйесінде кедендік бақылау тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы автоматты түрде жүргізіледі. Бұрын тауарларға кедендік тексеру түрін кеден қызметкері өзі шешсе, бүгінде декларациялардың басым бөлігі жауапты адамның қатысуынсыз, яғни «жасыл дәліз» арқылы өткізіледі.
2025 жылдың алғашқы алты айында Павлодар облысы бойынша 6 325 мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде 6 180 қызмет (97,7пайызы) электронды түрде, 145 қызмет қағаз жүзінде рәсімделді. Сондай-ақ бес мыңнан астам тауар декларациясы толтырылса, оның 62 пайызы «жасыл дәліз» арқылы автоматты түрде шығарылды.
– Электрондық декларациялау – бизнес үшін қолайлы орта қалыптастырып отыр. Бұл жүйе кедендік рәсімдерді жеңілдетіп, адами қатыссыз процесті автоматтандыруға мүмкіндік береді, – деді Павлодар кеден бекетінің басшысы Төлеш Жүнісов.
Кеден саласын цифрландыру – уақыт талабы. Электронды жүйелердің енгізілуі кәсіпкерлер мен азаматтар үшін ашық әрі тиімді қызмет алуға жол ашты.