60 жастан асқан әйел алғашқы сәбиін дүниеге әкелді
Жүктілік процесін бүкіл ел қызығушылықпен бақылаған, деп хабарлайды Анадолы ақпараттық агенттігі.
61 жастағы әйел «елдегі ең қарт ана» атағын алған. Кирилл және Мефодий университеті акушерлік және гинекология клиникасының директоры Ирина Папестьева журналистерге егде тартқан ананың тұңғыш баласын дүниеге әкелгенін мәлім етті.
– Медицина әлемінде шекара жоқ, Петар есімді сиқырлы баланың салмағы – 2,3 кг, бойы 48 см болды. Жүктілік экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы пайда болды және бұл Солтүстік Македонияда бірінші рет болып отыр, – деп атап өтті Папестьева.
Босану жүктіліктің 36-шы аптасында университет клиникасында өткен. Ана мен оның баласының жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады.