Павлодарда «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының мерейтойы тойланды

Павлодарда «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының мерейтойы тойланды
Фото: Константин Шелков

Бүгінгі таңда бұл клубта 11 тәрбиеленуші бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

2003 жылы тұңғыш Президенттің тапсырмасымен әскери қызметкерлерге әскери-патриоттық тәрбие беруді жетілдіру мақсатында балалар мен жасөспірімдерге арналған әскери «Жас бүркіт» клубы құрылды. Оған биыл 20 жыл толды. 

Былтыр наурызда жергілікті 6679 әскери бөлімінде алғашқы рет «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубы құрылды. Құрылған сәттен бастап клуб өзінің жанкүйерлерін тапты. Атап айтқанда, №36 экологиялық бағыттағы жалпы орта білім беру мектебімен меморандум жасасып, бүгінге дейін бірлесе жұмыс істеп келеді. 

Айтулы мерекеге орай мерекелік шара ұйымдастырылды. Іс-шарада «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілеріне әскери бөлім саптық алаңында әскери техникалар, қару-жарақ түрлерінің көрмесі және кинология иттерінің демонстрациялық қойылымы болды. 

Ал мерекелік концертте облыстық «Шаңырақ» орталығының әншілері және бөлімнің сарбаздары өнер көрсетті. 

Қазіргі таңда әскери-патриоттық клубта 11 тәрбиеленуші бар. Клуб құрамы балалардың жас шамасына байланысты бірнеше топқа бөлінеді. 

Ұлттық ұландықтардың мақсаты – елімізде білімді, өнерлі, елін, жерін, салт-дәстүрін сыйлайтын жастарды тәрбиелеп шығару. 

Сонымен қатар, Павлодар қаласының Ақпараттық технологиялық колледжінің педагогі, запастағы подполковник Нұрлан Нұрпейіс, №36 экологиялық бағыттағы жалпы орта білім беру мектебінің әскери дайындық оқытушысы Ермек Қабдығалиев және оқушылары мен студенттері бөлім командирінің алғыс хатымен марапатталды.