Премьера: Павлодарлықтар сәуір айында дос туралы қойылым тамашалай алады

Премьера: Павлодарлықтар сәуір айында дос туралы қойылым тамашалай алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры алдағы айдың репертуарын ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сәуір айының соңына дейін көрермендер назарына жеті қойылым ұсынылады. Оның ішінде бір комедиялық премьералық қойылымды павлодарлық әртістер екі рет сахналайды.

«Алғашқы махаббат» комедиясы

 1 сәуір,  18:30

Бұл – қызығы мен мұңы аралас албырт кезеңдегі аяулы сезім. Алғашқы махаббат, албырт сезім, бұл – партадан басталатыны белгілі.

Ал алғашқы сезімі ұстазына оянып, өзінен әлдеқайда үлкен қызға ғашық болған бозбала жайлы естіп пе едіңіз? Бұл албырттық па, әлде ақымақтық па? Бәлкім бұл шынайы сезім шығар. Қойылымда мектеп өмірінің кіршіксіз сәттері, алғашқы махаббат, бейкүнә сезімдер суреттеледі. 

Авторы: Қанат Жүнісов. Режиссері: Жангелді Садықов

«Отпен ойнама» ертегісі

3 сәуір, 12:00

Оқиға желісі орыс халық ертегісінің мазмұнына сай өрбиді. Сахнада мыстан кемпір, сыйқырлы үйшік сынды кейіпкерлер отпен ойнап, қауіпсіздік ережелерін елемейді. Осы тұста Пожар Тушилкин есімді ертегі қаһарманы қол ұшын созады. 

Авторы:  Евгений Пермяк. Режиссері: Әділет Ақанов.

«Шәмші» спектакль-концерті 

4 сәуір, 18:30

«Шәмші» спектакль-концерті – сазгердің халық аузынан түспейтін, классикаға айналған шығармалары қалай дүниеге келді деген сұраққа жауап қайтарады. Мың ғасырда бір туатын Шәмші мен Шабыт. Олардың тек екеуара ғана түсінетін әлемдері бар. Шәмшінің ішкі сыры әрбір жүректі толғайды. Анасының әлдиіне уынған тау тұлға, есейе келе ғашығы - Сағыныштың сазына қанығып, махаббат жайлы сыр шертеді. Өмірдің құлазытқан сәттеріне мойымай, мәңгілік әуендерді мұраға қалдырды.

Авторы: Нұркен Тұрлыбек. Режиссері: Әділет Ақанов.

«Джудит жасаған қиын таңдау» балалар мен ересектерге арналған спектакль-шоу

9 сәуір 13:00, 16:00

Спектакльдің динамикалық құрылымы арқылы қойылым авторлары көрерменге әке мен баланың арасындағы мәселелерді қозғайды. Бала мен ата-ана арасындағы байланыс көпірінің құлдырауы сияқты өмірдегі маңыздылығы жоғары және мәні терең құбылыстар жайлы сыр шертеді. Мүмкін байланыстың үзілу себебі –  адамдардың бір-бірін түсіне алмау немесе түсінгісі келмеу салдарынан орын алып жатқан болар. «Джудит жасаған қиын таңдау» қойылымы айналаға - балаға ересек адамның көзімен, ал ата-анасына баланың көзімен қарауға мүмкіндік береді.

Авторы және режиссері: Сергей Левицкий. Грейс Маклиннің «Самая прекрасная земля на свете» романының желісі бойынша. 

«Ұждан» әфсана

11 сәуір, 18:30

Уақыт ағымындағы адамзат баласының кең пейілі тарылып, мейірімі мен ұяты тартылып, суалып барады... Ар таразысы салмақсызданып, адамгершілік қасиет құнсыздануда. Себебі, болмыстың нәрі мен құнары Ұжданнан айырылып барамыз. Ақын Шәкәрімді толғандырған «ар, ұят, ынсап, намыс» атты басты адамдық қасиеттер бұл күнде де жұтаңданып, жаһандану дәуіріне жұтылып барады. Ұжданнан айырылған қоғам хайуан күн кешіп, азып-тозып кетпей ме? Ал, адамзат бұны ойлай ма?

Авторы: Ш Құдайбердіұлы. Инсценировка авторы: Нұркен Тұрлыбек.

Режиссері: Азамат Нығманов

«Сезім үшін»  лирикалық кеші 

25 сәуір, 18:30

Сүю. Жек көру. Танысу. Табысу. Аялау. Қадірлемеу. Кездесу. Қоштасу... Аялдамада орын алатын сан түрлі тағдырлар.Өзіңді өмір бойы ақылды болуға тәрбиелеп келе жатқанда, аяқ-астынан ОЛ шыға келеді... Ол түсініксіз де, тәтті құбылыстың аты – сезім. 

Авторы: Нұркен Тұрлыбек. Режиссер: Әділет Ақанов

«Бір досың керек екен» комедиясы.

Премьера 

29-30 сәуір, 18:30

Ж.Аймауытов театрында тұсауы кесілетін спектакльде  жек көрсе де жауға бермес, өкпелесе де өлімге қимас, жақтырмаса  да жарға итермес екі дос туралы болмақ.  Тағдыр тауқыметі араларына сына қаққанмен сын сағатта бір-бірін сатпаған екі достың қызықты да шытырман оқиғасы суреттеледі.

Театр ұжымы 14-15 сәуір күндері Астана қаласына гастрольдік іс-сапармен барса, 16 сәуір Теміртау, 17-18 сәуір Қарағанды қалаларында өнер көрсетеді.