Павлодарда жас музыканттар өнер көрсетумен жарысты
Облыстық кезеңнің жеңімпаздары республикалық турда облысымызды таныстырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, музыкалық колледжде жыл сайын өтіп жатқан 57-ші республикалық «Жас музыкант» байқауының облыстық кезеңіне Павлодар облысының қалалары мен аудандарынан 100-ден астам қатысушы жиналды. «Ішекті-ысқылы аспаптар» және «Үрлемелі және соқпалы аспаптар» номинациялары бойынша облыстың балалар музыка мектептері мен өнер мектептерінің оқушылары өнер көрсетті. Байқау екі күнге созылып, облыстық кезеңнің жеңімпаздары ағымдағы жылдың наурыз айында өтетін республикалық турда облысымызды таныстыру мүмкіндігіне ие болды.
– Фестиваль-конкурстың мақсаты – музыкалық дарынды білім алушыларды, талантты балалар ұжымдарын дамыту және қолдау, олардың шығармашылық белсенділігін, кәсіби бағытын ынталандыру, – дейді «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат» кешені» мемлекеттік мекемесінде.
Қазылар алқасының құрамына колледж басшысы Серік Сыздықов, Ольга Шлегель, Мұхит Мұлқаразов, Айман Тен, Юрий Доморощенов, Диас Үсенов, Яна Касьян, Елена Федорова, Виктория Быкова кірді.
Облыстық фестиваль-конкурстың қатысушылары Павлодар қаласының балалар саз мектептері, Екібастұз қаласының Естай атындағы балалар саз мектебі, Железинка ауданының өнер мектебінің ұжымдарының оқушылары болды.
Байқауға қатысу жас сайыскерлердің жүрегінде ұмытылмас сезімдер қалдырды. Ұйымдастырушылар байқауға қатысқандардың барлығын құттықтап, шығармашылық жеңістер тіледі.