Павлодарда Әуезовтің көркем жазу дәптері көрсетіледі

Павлодарда Әуезовтің  көркем жазу дәптері  көрсетіледі
Фото: Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің сайтынан алынды

2023 жылдың 13-14 желтоқсан күндері Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Әуезов феномені: ұлылар үндестігі» атты жылжымалы көрме өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Биыл Алматыдағы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығына  60 жыл толып отыр. Осыған орай жылжымалы көрмеде «Әуезов үйінде» сақталып келген ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 1939-1941 жылдардағы араб, латын, кирилл әрпіндегі «Абай» романының қолжазбалары, 1942 жылғы алғашқы «Абай» тарихи романының түпнұсқасы, әйгілі романға 1949 жылы берілген І дәрежелі Сталиндік сыйлықтың, 1959 жылы берілген Лениндік сыйлықтың көшірмелері, марапаттары мен Әуезовтің шапаны, портфелі, көркем жазу дәптері, алғашқы оқыған кітаптары, фотосуреттері келушілер назарына ұсынылады.

Сонымен бірге, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының, Шәкәрім Құдайбердіұлының, халық мұрасын жинаушы, аса көрнекті фольклоршы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өлеңдерінің қолжазбалары (көшірмелері), Әдебиет және өнер институты баспа өнімдерінің кітап көрмесі экспозицияда таныстырылады.