Павлодар облыстық архивіндегі құжаттардың 17 пайызы цифрландырылды
Облыстық архивте тарихи құжаттарды электронды форматқа көшіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Құжаттарды цифрлық форматқа көшіру – уақыт талабы. Бұл, бір жағынан, тарихи мұраны сақтауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан архив материалдарына қолжетімділікті арттырады. Әсіресе, ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушылар мен ғылыми ізденушілер үшін қажетті құжатты электронды жүйе арқылы жылдам табудың маңызы зор.

Павлодар облыстық архивінде цифрландыру жұмыстары 2021 жылдан басталған. Ал бұл бағыттағы жұмыстарға нақты кірісу 2024 жылдан қолға алынған. Бүгінде архив қорындағы 187 мың құжат электронды форматқа көшірілген. Бұл жалпы қордың 17 пайызына тең.
Облыстық архив мамандарының айтуынша, цифрландыру тек құжаттарды сканерлеумен шектелмейді. Алдымен материалдар электронды форматқа көшіріліп, кейін тақырыбына, мазмұнына және тарихи кезеңіне қарай сұрыпталады. Осы жұмыстардан кейін ғана құжаттар арнайы электронды жүйеге енгізіледі.

Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Алтаевтың сөзінше, цифрландырудың негізгі мақсаты – тарихи және әлеуметтік маңызы бар құжаттарды көпшілікке қолжетімді ету. Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысының архив саласын цифрландыру жөніндегі тапсырмаларымен де үндеседі.
– Архив қорында 1866 жылдан бастау алатын тарихи құжаттар сақталған. Олардың арасында мемлекеттік басқару саласына қатысты материалдармен қатар, өлкетану, әдебиет және өңір тарихына байланысты деректер де бар. Сондай-ақ, қазақтың көрнекті тұлғаларының жеке істері сақтаулы, – дейді Қайрат Алтаев.
Мұндай материалдарды цифрлық форматқа көшіру болашақта зерттеушілердің жұмысын едәуір жеңілдетпек. Мәселен, қажетті құжатты іздеу үшін архивке арнайы барып, қағаз нұсқаларды ақтарудың орнына, электронды жүйе арқылы адамның тегі немесе құжаттың тақырыбы бойынша іздеуге мүмкіндік туады. Бұл еліміздің әр өңіріндегі зерттеушілерге де Павлодар архивінің қорындағы материалдарды пайдалануға жол ашады.

Дегенмен, ауқымды жұмысты толық аяқтау үшін қосымша ресурстар қажет. Әсіресе ақпараттық технологиялар саласының мамандарына сұраныс жоғары. Қазір цифрландыру жұмыстарына жеті маман жұмылдырылған. Архив өкілдерінің айтуынша, IT мамандарының тапшылығы жұмыс қарқынына әсер етіп отыр.
– Нақты қай жылы, қай кезде 100 пайызға жеткіземіз деп айта алмаймын. Бұл мамандарға және техникалық жабдықтарға байланысты. Қазір жеті маман жұмыс істеп жатыр. Осы салаға қызығушылық танытқан IT мамандарын бізбен бірге жұмыс істеуге шақырамыз, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, архивте пайдаланылып жүрген техникалық жабдықтардың бір бөлігі 2023 жылы сатып алынған. Құжаттарды цифрландыру көлемінің артуына байланысты алдағы уақытта жаңа құрал-жабдықтар алу қажеттілігі де туындап отыр. Қосымша мамандар тартылып, техникалық база жаңартылған жағдайда, архив қорын толық цифрландыруға шамамен 8-10 жыл қажет болуы мүмкін. Атап өтерлігі бұл – нақты бекітілген мерзім емес, қазіргі мүмкіндіктерге сүйенген болжам.