Павлодарда «Жасыл ел» жастар жасақтарының еңбек маусымының ашылу салтанаты өтті

Биыл бұл бастамаға екі мыңнан астам жас қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Экологиялық бастамалар мен жастарды жұмыспен қамтуды мақсат еткен «Жасыл ел» бағдарламасының жаңа еңбек маусымы Павлодардағы Ертіс Променад сахнасында басталды. Іс-шараға облыстың барлық он ауданы мен үш қаласынан келген сарбаздар қатысты.
– Бұл жоба мен үшін ақша үшін емес, туған жерімнің табиғатын қорғауға деген патриоттық сезімнің көрінісі. Баянауыл туристік аймақ, сондықтан оның тазалығы біздің қолымызда, – дейді Баянауылдан келген жасақ сарбазы Нұрай Шейкібекова.
Биылғы еңбек маусымында жастар үш негізгі бағытта жұмыс істейді: экология, құрылыс және абаттандыру, шығармашылық пен волонтерлік. Сарбаздар еңбекақысы бағыттарға байланысты бөлінген: экология жасағы – шамамен 70 000 теңге, құрылыс жасағы – 100 000 теңгеден жоғары. Жоба аясында 16 жастан 35 жасқа дейінгі студенттер, мектеп оқушылары мен жұмыссыз жастар қамтылған. Жастардың айтуынша, бұл жоба олардың туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертеді.
– Бұл менің үшінші маусымым. Қызығы мен қиындығы қатар жүргенімен, ұжымдық бірлік пен жасыл бастамалар үлкен қуаныш сыйлайды,– дейді Успен аудандық штабтың командирі Анатолий Функ.
Айта кетерлігі, жоба аясында жыл бойы облыс көлемінде түрлі экологиялық шаралар, сенбіліктер мен ағартушылық акциялар ұйымдастырылады.