Павлодарлық суқұзғындарды қорғау керек пе, әлде олардан қорғану керек пе?

Павлодарлық суқұзғындарды қорғау керек пе, әлде олардан қорғану керек пе?
фото: Кәрімжан Жәкенов

Ертіс өзенінің ихтиофаунасын жыртқыш құстардан қорғау керек. Қанаттылардың кінәсі неде? Бұл сұраққа @Pavlodarnews.kz тілшісі жауап іздеп көрді.

Павлодар облысында соңғы бірнеше жыл бойы суқұзғындардың санын реттеу жұмыстары қолға алынып келеді. Зерттеушілердің айтуынша, құстар Ертістегі балық қорына зиян келтіреді. 

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, соңғы үш жылда қанаттылар санының күрт өсуі байқалады. 2022 жылы мамандар 4616 құсты есепке алса, 2023 жылы олардың саны 12090 бірлікке жетті. 

– Зерттеу жұмысы облыс аумағындағы Ертіс өзенінің бойында жүргізілді. Яғни, Абай облысы мен Ресей шекарасына дейінгі аумақ қамтылды. Бас-аяғы 720 шақырым зерттелді. Құстарды популяциясы мен санын бақылау үшін реттеу шаралары қолға алынды. 2023 жылы – 923, 2024 жылы 2336 құс атылды. Ал биыл 3026 құсты жою жоспарланған, – дейді басқарманың бөлім басшысы Жасұлан Жұмашев.

Мамандар қанаттылар санын реттеу шаралары ғылыми топтың негіздемесі бойынша жүргізілетінін айтады. Өңір су айдындарында қоректенетін жыртқыштардың популяциясы 15136 басты құрады. 

— Әр құс тәулігіне шамамен 344 грамм балық жейді. Осылайша, суқұзғындар күн сайын өзеннен 5,2 тонна су маржанын жояды. Өткен жылы құстардан келген шығын 364 тоннадан асты. Осы мәліметтер негізінде келесі жылға арналған ғылыми негіздеме әзірленеді, — дейді зерттеу тобының жетекшісі Антон Чашин.

Ресми мәліметтер бойынша аймақта балықа улау бойынша жылдық шектік көлемі – 952 тонна.  Ал суқұзғындар тек Ертісте тіршілік ететін сүйрік балығымен де қоректенеді. Сол себепті аймақтың балық шаруашылықтары мен сала мамандары жыртқыштар санын реттеуді уақыт күттірмейтін шара деп біледі. Бұл — экологиялық тепе-теңдікті сақтау бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі. 

– Ғылыми топ ретінде құстардың қоректенуі, қоректік компоненттердің кездесу жиілігі және олардың гельминтоз жұқтыруын да зерттеуді жоспарлаудамыз. Жобаға эколог, орнитолог, зоологтар мен жануарлар әлемін зерттеумен айналысатын мамандар қатысады, – дейді Антон Чашин.

Сарапшылар құстар санының күрт өсуінің соңы экологиялық проблемаға әкелуі мүмкін деген пікірде. Себебі, аймақтағы балық ресурстарына қауіп төніп тұр. Сонымен қатар, суқұзғындарды «өзен санитарлары» деп атау жаңсақ пікір екенін алға тартуда.

Биология ғылымдарының докторы, профессор Қанат Ахметов құстар балық әлеміне ғана емес, халыққа да зиян келтіретінін жеткізді.

– Құстар бүкіл Еуразия құрлығында көбейіп барады. Олардың ауру балықтармен қоректенуін байқамадық. Сондықтан, «өзен санитарлары деп атау дұрыс емес деп білемін. Бір суқұзғын тәулігіне 20 балыққа дейін жей алады. Бір ұяда орташа есеппен 4-5 жұмыртқа болатынын ескерсек, бір отбасыға қанша азық керек екенін есептеу қиын емес, – деп түсіндірді профессор. 

Сарапшының айтуынша, суқұзғындардың облыс аумағына келуі өткен ғасырдың 80-ші жылдары байқала бастаған. Сонда жыртқыштар Абай облысымен шектесетін Ертіс аумағына ұшып келген. Әр 10-15 жыл сайын Павлодарға жақындап келеді. 

Қанат Ахметовтың айтуынша, құстар санының өсуі жалғыз мәселе емес.

– Паразитолог ретінде қанаттылардың ішегінде болатын гельминттерді зерттедім. Суқұзғындарда паразиттің екі түрі кездесетіні анықталды. Микроағзалар дернәсіл кезеңінде суға түсіп кетуі мүмкін. Ал бұл паразит адам денсаулығы үшін де қауіпті, – дейді маман.

Ғалымның пікірінші, құстарды атудан бөлек өзге әдістер бар. Мәселен, қанаттылардың тірлігіне ұя салу кезінде араласуға болады. Ал ерекше қорғалатын аумақ ретінде Ертіс жайылымында аңшылық әрекеттерге тыйым салынған.