Павлодар облысында су ресурстарын пайдалану тарифтері қайта қаралады

Кейбір тарифтер арзандауы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық мәслихатының «Павлодар облысы бойынша жер үсті көздеріндегі су ресурстарын пайдаланғаны үшін 2025 жылға арналған төлемақы мөлшерлемелері туралы» шешімімен, жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы жер үсті көздерінен су ресурстарын пайдалану жоспарына сәйкес тарифтерді қайта қарағысы келеді.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңының алтыншы бабының бесінші тармағына, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексінің 569-бабына және ҚР Су кодексінің 26-бабының бірінші тармағына сәйкес жер үсті су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері өзгереді.
Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері мың текше метріне 268 теңге, ауыл шаруашылығы, су көздерінен су алуды жүзеге асыратын тоған шаруашылықтары – 216 теңге, су көлігі 30 теңге болады. Егер бұрын өнеркәсіп пен жылу энергетикасы үшін су тарифтері 1197 теңге болса, енді 767 теңге болуы мүмкін.
«Ашық НҚА» сайтында жарияланған жоба 22 қыркүйекте қаралады.