Павлодарда экологиялық форум басталды
Форум жұмысы үш тақырыпқа арналған: ауа сапасы, көгалдандыру және климат өзгерістеріне бейімделу, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова «Қолайлы қоршаған орта құрудағы азаматтық қоғамның рөлі» форумының қатысушыларына сәттілік тіледі.
- Өңірімізде саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдармен жүйелі түрде байланыс орнатылған. Бірде-бір маңызды шешім азаматтық секторсыз қабылданбайды. Мемлекет басшысы Жолдауда халық үніне құлақ асатын мемлекет құру керектігін қадап айтты, осы бағыттағы жұмыстарыңыз жемісті болсын. Сіздерден заманауи ұсыныстарды күтеміз, ал біз оларды жүзеге асыруға дайынбыз, - деді Айзада Құрманова.
Қатысушылар алдында ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров және ҚР Азаматтық Альянс президенті Ажар Сағындықова сөө сөйледі. Олар Павлодар облысының үкіметтік емес ұйымдарының жұмысын жоғары бағалады.
- Елімізде оң өзгерістердің болып жатқаны сезіледі. Біздер өз үлесімізді қосып, осы өзгерістердің басында болуымыз керек. Мықты азаматтық қоғам барда күшті мемлекет болады. Әрбір өңір – өзінше әлем, сол себепті біз әрбір өңірде жеке-жеке форумдар өткізуді жөн көрдік, - деді ол.
Өңірлік форумдар кезінде әртүрлі бағыттар бойынша нақты ұсыныстар пысықталады. Біздің облыста өтіп жатқан жиынның тақырыбы – экология. Павлодарлық қоғам қайраткерлерінің ұсыныстары қазан айында өтетін республикалық форумда талқыға салынады.
Фото: автор