Павлодарда жастар арасындағы есірткіге қарсы алдын алу шаралары күшейтілді

Павлодарда жастар арасындағы есірткіге қарсы алдын алу шаралары күшейтілді
Фото: Константин Шелков

Өңірде профилактикалық жұмыстар жаз бойы жалғасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жастарды зиянды әдеттерден сақтандырып, салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында түрлі жұмыстар жүргізілуде. Биыл облыста есірткінің заңсыз айналымына қатысты жүзден астам қылмыстық іс тіркелді.

Бұл туралы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ирина Тимирғалиева мәлімдеді.

Биыл есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелері 106 қылмыстық іс тіркеді. Оның 43-і сотқа жолданды. 29 азамат ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Заңсыз айналымнан 334 келіден астам есірткі және психотроптық зат тәркіленді, – деді ол.

Аға жедел уәкілі кәмелетке толмағандардың да есірткі қылмысына тартылып жатқанын атап өтті. Биыл Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде 10-сынып оқушысы есірткіні жасырын орындарға орналастыру фактісі бойынша ұсталған. Ал өткен жылы осындай қылмыстарға қатысы бар жеті жасөспірім анықталған.

Жеңіл ақша болмайды. Әрбір табыстың артында еңбек тұрады. Егер біреу сізге аз жұмыс үшін көп ақша ұсынса немесе тыйым салынған заттарды байқап көруге шақырса, нық түрде «жоқ» деп айту қажет, – деді ол.

Полиция қызметкерлері күмәнді заттарды немесе есірткі жарнамаларын байқаған жағдайда азаматтарды 102 нөміріне хабарласуға шақырады. Сонымен қатар, ақпаратты анонимді түрде «Көлеңкелі батыр» Telegram чат-боты арқылы жолдауға болады.

Ирина Тимирғалиеваның айтуынша, өңірде профилактикалық жұмыстар жаз бойы жалғасады. Жоспарға жазғы лагерьлердегі балаларды, студент жастарды және түрлі бос уақыт орталықтарына келушілерді қамтитын ондаған іс-шара енгізілген.

Есірткіге тәуелділік мәселесі бойынша көмекке мұқтаж азаматтар Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығының анонимді сенім телефонына 8 (800) 080-34-34 нөмірі арқылы хабарласа алады. Бұдан бөлек, Павлодар қаласы, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 200 мекенжайында орналасқан республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы филиалында тегін медициналық көмек көрсетіледі. Байланыс телефоны: 8 (7182) 60-50-53.

Еске сала кетейік, мамыр айының соңында өңірде халықаралық нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске арналған айлық басталды.