Павлодар облысында мешіттердің шәкірттері Құранды мәнерлеп оқып жарысты
Республикалық ХШ Құран жарысына іріктеу кезеңі өтті,деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Павлодар облысы бойынша Республикалық ХШ Құран жарысына іріктеу сайысы Ақтоғай ауданы, «Жандарбек» мешітінде өткізілді.
– Сайысқа Павлодар облысына қарасты қалалық және аудандық мешіттерден 20-ға жуық шәкірттер мен үміткерлер қатысып, мәнерлеп оқудан бақтарын сынады, – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Павлодар облысы бойынша баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбайұлы.
Іріктеу сайысының нәтижесінде ақтоғайлық Әлихан Мұратов бас жүлдені қанжығасына байласа, бірінші орынды Нұрислам Ақбас, екінші орынды Бекзат Серікбаев, үшінші орынды Ержан Әмірәлиев иеленді.
Бас жүлде иеленген ақтоғайлық Әлихан Мұратов алдағы республикалық Құран жарысында мәнерлеп оқудан Павлодар облысының намысын қорғайтын болады.
Орын иеленген шәкірттер мен қатысушыларға ақшалай сыйлықтар мен естелік бұйымдары тарту етілді.