Павлодарда «әкімдік арқылы» жылдам үй алғысы келген туыстар алданып қалды

Павлодарда «әкімдік арқылы» жылдам үй алғысы келген туыстар алданып қалды
Фото; Константин Шелков

Күдікті ер адамға қатысты бұлтартпау шарасы – «шықпау» туралы қолхат алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабы – «алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. 

Тергеу барысында 27 жастағы қала тұрғыны 2022 жылдың қаңтар айында туысқанымен әңгімелесу барысында әкімдік арқылы тұрғын үй мәселесін шеше алатынын, дәлірек айтсақ, кезекке тұрып, жалға берілетін тұрғын үйді кезектен тыс сатып алу құқығымен сатып ала алатынын  немесе кезекке қоя алатынын айтқан, – деп хабарлады Павлодар қаласы ішкі істер басқармасының бастығы Ермек Әлжанов. 

Бұған қоса, бір бөлмелі пәтер үшін – 2,5 млн теңге, екі бөлмелі пәтер үшін – 3,5 млн теңге, үш бөлмелі пәтер үшін 4,5 млн теңге төлеу қажеттігін айтқан. Оның бұл ұсынысына тағы бір туысы келіскен.

Туыстары ақшаны депозиттерден шешіп, қалған жетіспейтін соманы қарызға алған, алтын бұйымдарын ломбардтарға салған. Осылайша, олардың бірі туысына – 2,5 миллион теңге, екіншісі 4,5 миллион теңге берген. Дегенмен ер адам ақшаны алғаннан кейін уақытты созу үшін әртүрлі сылтаулар ойлап таба бастаған. 6 ай өткен соң туысының  біреуіне 250 мың теңгесін қайтарып беріп, қалған 6 миллион 750 мың теңгесін өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Біраз уақыттан кейін туыстары алаяқтың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінді, - деді Ермек Әлжанов. 

Полиция мұндай мәмілелердің қолданыстағы заңнама аясында жасалуы керек екенін ескертіп, тұрғындарға сақ болуға кеңес береді.